Ащы сабақ

Бұл бетте «Ащы сабақ» атты Арасанбай Естенов жазған білім туралы өлең берілген.

(Әфсана)
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы; ол келешек оның бар өміріне апат әкелуі мүмкін.» — Әбу Насыр әл-Фараби

Жал-жал толқын бұрқанған көк
Асау Сейхун өзені.
Жағасында жиһангер топ
Дамыл тапқан кез еді.
Керуен басы көріп кенет
Суға кеткен бір жанды,
Жанын сала беріп көмек,
Алып шықты құрбанды.
Дем алдырып қимылменен
Жиғызса есін әрең деп,
Әлгі пақыр сый білмеген
Өршеленер «өлем» деп.
«Өлем» – дейді жанталаса,
Ашу-ыза күші ме?...
Жиһангерлер таң-тамаша
Жұмбақ жанның ісіне.
«Қуанбай ма, шамданғанша,
Дұрыс па есі өзінің?!.»
Дескен аң-таң жандар барша
Жасыра алмай сезімін.
Асау өзен толқынынан
Құтқарылған қартты енді,
Желеп, демеп қолтығынан
Ғұламаға ап келді.
– Сөйле, – деді ғұлама оған, –
Қандай жұмбақ жан едің?
Тілеп медет бір Алладан
Жасап бақсақ бар емің.
Өкінесің, өші бардай
Артық санап өлімді.
О дүниеге асығардай
Өзіңе не көрінді?...
Пақыр:
– Ұстаз едім ұлағатты
Білім сепкен баршаға.
Ел-жұртым мен жұрағаттың
Көзін ашқан қаншама.
Шақырып ап бір күн патша,
Жалғыз ұлын тапсырды:
«Сарайымда күн-түн жат та,
Үйрет барлық хат-сырды!»
Алғыр екен, жалаңдаған
Ұлы да бір өктемдеу.
Бар мақсаты жалаулаған –
Елде жоққа жетсем деу.
Есеп-қисап, бар амалды
Үйреткенім қайтейін...
Пәк жүрегім жараланды,
Жауыз болып ол кейін.
Ойламастан арғы күнін,
Болмастан еш тойым да,
Салды дерсің бар білімін
Жұртты қырып-жоюға.
Қолда мықты жасақ күш бар,
Дүр сілкінткен ғаламды.
Жасап қару, тас атқыштар
Талқан етті қамалды.
Сол сойқан күш ойран салған
Қалаға да, түзге де,
Бейбіт күнде сайран салған
Таянғанда бізге де.
Беттің арын белге буып,
Тілдесуге бекіндім.
«Қаһар төкпе елге суық» –
Деу еді ғой өтінгім.
Бастап шаһар әкімдерін
Шықтым шәкірт алдынан.
«Ұстазыңмын жақын, – дедім, –
Сені өнерге баулыған».
Ол нақұрыс – ісік кеудем
Сөзді бөліп анталай,
Дүрсе қойсын ішіп-жеумен
Екі көзі қанталай:
«Олай болса, мә, алдаспан! –
Шап та басын пақырдың,
Мен жаққа өтіп, ойланбастан
Тағына отыр әкімнің!!!»
Зілді бұйрық қаһарынан
Төбе шашым тік тұрып,
Қашып тақ пен атағынан
Көрмек едім ұқтырып.
«Білмейді екен сыйлағанды,
Алжасқан-ау ақылдан!
Суға атыңдар диуананы
Мені «ақылға» шақырған!»
Дегені мұң жендеттері:
«Түсінбесең шын бақты,
Тірлігіңнің кері кеткені!» –
Деді дағы суға атты.
Соныменен керегі не,
Өз тәлібім суға атып,
Ажал-толқын тереңіне
Кеткен едім шым батып...
Көре алмады оны жалған,
Қимады ма өлімді?
Кім құтқарды мені ажалдан?
Өлім неге жерінді?!.
Тірі жүріп бұл жалғанда,
Кіргенімше көрге мың,
Ар мен ұждан сыналғанда
Артық еді-ау өлгенім!
Ертектегі ғажаптардай
Тірі қалдым, өлмедім.
Дәл осылай азаптардай
Кінәм қайсы ал менің?!.
Ғұлама:
– Түсінікті мұңың маған
О, данышпан, әмбием!
Білімнен де бұрын оған
Қажет еді-ау тәрбиең.
Ізгіліктің дәнін екпей
Жүрегіне баланың,
Берген білім – зәрлі дерттей
Әкеледі нала мұң.
Міне, әмбием, қателігің,
Кінәң емес ол сенің.
Тәрбиесіз төте білім
Таппас иман өлшемін.
Шынайы ұстаз болу үшін
Аздық етер дәрісің.
Берейін мен қолым ұшын
Түзетуге Ар ісін.
Өкінбе еш өткеніңе
Ұмыт дағы «өлемді»,
Біздің иман мектебіне
Тәлімгер боп көр енді.
Сөйтіп ғалым жөнін айта,
Ұстазға ой тастапты.
Тәлімгер ғып, оған қайта
Еңбек жолын бастатты.
...Осылай сыр айтады аңыз:
Тәрбие-ілім жымдасып,
Содан бері қайта маңыз
Алған екен бұл кәсіп!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері