Жеті ғаламат
Бұл бетте «Жеті ғаламат» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Тудырған небір даналар
Көнеден қалған аманат.
Бүгінде бар деп саналар
Әлемдік жеті ғаламат.
Керемет болып саналар
Сол жетеуді даралап.
Көрейік қане, балалар,
Құпиясын саралап.
1. Мысыр пирамидалары
Тас балға, арқан қолдағы
Сенген барлық құралы.
Құлдар салған сондағы
Ғимараттар бұл әлі.
Әктастан тек қаланып,
Жиырма жылдай салынған,
Кереметтің даналық
Тұрқына әлем табынған.
Тарихы – бес мың жылдық,
Көнелердің көнесі.
Жатса дағы жыл жылжып,
Сөгілмеген көбесі.
Кереметтің төресі –
Мысыр пирамидасы.
Ғасырда да келесі
Болар әлі күй басы.
2. Аспалы бақ
Кім де болсын асса құлақ,
Таңданар-ау жайға мұндай.
Төрт қабатты аспалы бақ
Махаббаттың айғағындай.
Жүз метрлік биіктіктен
Көзін арбап миллионның.
Жайқалыпты тұнып тіптен,
Ортасында Вавилонның.
Жас патшайым бауыр басқан
Мидияның¹ бау-бағына,
Шыдамапты тәңір қосқан
Вавилонның шаңдағына.
Көңлін аулап жұбайының,
Бақ екен бұл патша салған.
Топырақ тасыр ұдайы күн,
Қиындықтар артта қалған.
Патшайымның көңілінен
Шығу үшін көсілді де,
Мидияның өңірінен
Бар көрікті көшірді де.
Ефраттан қауға тартып,
Қауыздарды құрғатпады.
Су сылдыры жанда шалқып,
Тұрды аспалы жырлап бағы.
¹ Тау аты
Патшайым да елеңдепті
Бөленіп мол шапағатқа.
Патша солай дәлелдепті
Адалдығын махаббатқа.
3. Артемида ғибадатханасы
Херсифрон шебердің
Қолынан шыққан басында
Ғимарат еді ол – елдің
Қойдырар ішкен асын да.
Ақау шықпай кешеннен
Жасауы үшін мәңгі өмір.
Табанына төселген
Жүн-жұрқа мен күл-көмір.
Жер сілкінсе – төзімді
Саздау жерге салынған.
Тұндырарлық көзіңді,
Ақ мәрмәрға малынған.
Қос қатарлы бағанды,
Құдай-Ана тұрағы.
Таңырқатып ғаламды,
Тоқсан төрт жыл тұрады.
Сән ғимарат жарқырап,
Жетер ме еді бұл күнге,
Герострат даңқ құмар
Өртемесе бір түнде.
Сұлулықты, күнәқор
Отпен солай жалмады.
Ізгілікті бірақ ол
Мәңгі өшіре алмады.
Эфестіктер бағына
Хейрократ¹ тап бола.
(¹ Ғибадатхананы қайта салған сәулетші)
Бой көтерді тағы да
Әсем ғибадатхана.
Сол жобамен сән қылып,
Алып шықты ол істі алға.
Бедер-бейне салдырып,
Баған салған тұстарға.
Көлемі ұнап көңілге,
Көркі де әсем мақтала,
Екінші рет өмірге
Келді ғибадатхана.
4. Галикарнас мавзолейі
Сұғына енген дәрияға
Галикарнас қаласында.
Мавзол патша Карияда
Теңелетін дара шыңға.
Жиырма төрт жыл билік құрып,
Өткен кезде бұл өмірден.
Артемисия күйіп тұрып,
Қасиетін біле білген.
Жатқан шақта сүйікті өліп,
Қайтсін жесір жыр базарды.
Бар байлықты үйіп-төгіп,
Тұрғызыпты бұл мазарды.
Төрт бұрышты кесененің
Бір қабаты мүрдехана.
Айналдыра төсегені
Үлде менен бүлде ғана.
Ал екінші келесіде
Құрбандардың жинағы да,
Кесененің төбесінде –
Сатыланған пирамида.
Сол биіктің ұшарында
Алтын күйме ішіндегі
Мәңгі бақыт құшағында
Қос жұбайдың мүсіндері.
Көз тартарлық тым алыстан
Галикарнас кесенесін
Мавзолей деп қуанысқан
Өтті өмірдің неше көші.
Еріне адал жар салдырған,
Екі мың жыл ғұмыры бар.
Күллі әлемді тамсандырған
Сырын оның ұғынып ал..
5. Родос алыбы
Таң сәріден күн қызу
Маңдайынан сүйер мың.
Алып мүсін тұрғызу
Арманы еді бұл елдің.
Жебеушісі аралдың
Гелиостың мүсіні ол.
Дейтін содан жаралдық
Родоста үлкен-кіші бол.
Полиоркеттің қалған бір
(Полиоркет - Ескендір Зұлқарнайын державасының мұрагері, Азия мен Сирия билеушісінің ұлы.)
Қамал бұзғыш жарағы,
(Үш мың төрт жүз жауынгер қозғалысқа келтіретін аттамалы көпірі бар, тас атқыш алып қару.)
Болып көктен жауған нұр,
Бұл кәдеге жарады.
Бұлдап тегін кірісті,
Мол қаржыға сатты да,
Бастап кетті ұлы істі,
Мүсіншісін тапты да.
Оң қолымен күн сала,
Жамылғысы сусыған
Алып құдай мұншама
Шірінен мың нұр шыға
Бой түзеді айлақтан,
Он екі жыл салынып.
Көз тартты түу аймақтан
Жолаушыға шалынып.
Бұл қуаныш бірақтан
Тым ұзаққа бармады.
Родосты қиратқан
Жер дүмпуі жалмады.
Алып мүсін құлаған
Қос тізесі сыр беріп,
Болса да іздеп, сұраған,
Кете алмады гүлденіп.
Жарты ғасыр ғаламға
Паш етсе ой-ақылды,
Мың жыл жатып аралда,
Бір көпеске сатылды.
6. Александрия маягі
Зәулім биік ұшары
Бас айналтып төменнен,
Небір ұшқын ұшады,
Сәуле болып төбеңнен.
Көзің жетпес ұшына
Үш қабатты мұнара
Бой түзеген ұмсына
Фарос – арал бұл ара.
Алпыс метр алғашқы
Шебі тастан қаланған.
Екіншісі жалғасты
Сегіз қырлы тарамнан.
Қырық метр әр қыры
Шегенделіп бағанмен,
Ақ мәрмәрдің жарқылы
Тілдескендей ғаламмен.
Ал үстіңгі мұнара –
Шеңбер болып айналар.
Алуан сәуле шығарар
Күрделі көп айналар.
Сәуле шашып аймаққа,
Мәңгілік от лаулайды.
Бағыт сілтер айлаққа
Алып күннен аумайды.
Кетпес үшін адасып
Бейбіт халық, жаны асыл.
Теңізшіге жол ашып,
Қызмет қылған сан ғасыр.
Александрия маягі –
Кереметтің бірі еді.
Азып-тозып аяғы,
Сілкіністен күйреді.
7. Олимпиядағы Зевс мүсіні
Жиырма метр биіктігі,
Еденіне тас қапталған.
Зал төрінде иықты, ірі,
Алып мүсін – асқақты арман.
Тақта отыр Зевс құдай
Дәл төбеге басы таяп.
Оң қолында – жеңіс құдай,
Сол қолында аса таяқ.
Тән жалаңаш жоғарыдан,
Белден төмен жамылғысы.
Ойлы өткір жанарынан
Сезілгендей дауыл күші.
Киімі алтын, ал денесі –
Қызғылт түсті піл сүйегі.
Сол заманның жанды елесі,
Элладаның бір сүйері.
Бұл атақты Зевс құдай
Найзағай боп шатырлаған.
Қолдан бермей жеңісті ұдай,
Пірге айналған батыр бабаң.
Ел қадірін түсірмеген
Мәңгі жеңіс белгісі бір.
Фидий шебер мүсіндеген
Ұлы өнердің үлгісі – бұл.
Еуропа құрсағында
Ғаламат-ты жалғыз дара.
Жанып өрттің құрсауында
Күйік шалған қалды із ғана.
* * * * * * * * *
Бағалысы бағалының
Бізге жеткен адал аты.
Көне дәуір заманының
Осы жеті ғаламаты.
Әрқайсысы бір-бір тарих,
Қилы-қилы тағдыры бар.
Тұнығына сен бүр жарып,
Сусыныңды қандырып ал.
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі