Сауалнама сабағы
Бұл бетте «Сауалнама сабағы» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Мұғалім:
Оқып кеше сан сырын,
Қырықпен біз таныссақ.
Зерделімен ал бүгін
Өткізейік жарыспақ.
Суырылып қай дүлділ
Шығар екен қане, алға?
Сөзді тастап ал гу-гу,
Құлағың сал сауалға.
Шығармалар атауы
*** **** ****
Бірінші сұрақ:
Таңғажайып қызықтан
Оқушысы алар нәр.
Басталатын қырықтан
Қандай шығармалар бар?
Бірінші оқушы:
«Қырық қыз» бен әйгілі
«Қырық өтірік» ертегі –
Шаппай алар бәйгіні
Қазағымның тел төлі.
Мұғалім:
Бәрекелде, жарайсың!
Бірден-ақ дәл таба алдың.
Жалғар тағы бар қайсың
Жауабын бұл сауалдың?
Екінші оқушы:
Бұтағындай шынардың
Қырық тарам, сатылы
Тағы бірі бұлардың –
«Қырымның қырық батыры».
Үшінші оқушы:
Тұрмаса егер сөреде
Оқушысы сағынар.
«Әли баба және де
Қырық қарақшы» тағы бар.
Төртінші оқушы:
Өмір көші сынаған
Өнердің бір бұтағы –
Ахмет ата құраған
«Қырық мысал» кітабы.
Мұғалім:
Жауап берген оңымен
Жарайсыңдар бәрің де!
Кітапта екен сонымен,
Білім де, бар тәлім де.
Астарлы сөз аталы
***** *****
Екінші сұрақ:
Баласың ғой сен есті,
Естіп пе едің атаңнан?
Осы санға үйлесті
Маусым қалай аталған?
Жауап:
Шақырайған төбеден
Аптабы бар қаталар,
Жаз ыстығы көнеден
«Қырық күн шілде» аталар.
Үшінші сұрақ:
Осы санмен бір жүрер
Көтерісіп күресін.
Араздықты білдірер
Қандай тіркес білесің?
Жауап:
Ел арасын бүлдірер
Тату өтпей бір кеші.
Араздықты білдірер –
«Қырық пышақ» тіркесі.
Төртінші сұрақ:
Айтылмаған ат үсті
Бөлек мәні, астары.
Осы санға қатысты,
Тіркес сырын аш тағы.
Жауап:
Бисіз елге кім ие,
«Қырық ру» боп бөлінген.
Құраусыз, тінсіз дүние
«Қырық құрақ» делінген.
Мұғалім:
Бәрекелде, жөн десе!
Қызыр бабаң қолдасын!
Білімің де ендеше,
«Қырық құрақ» болмасын!
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі