Жеті, тоғыз, қырық және жұлдыз жорамал

Бұл бетте «Жеті, тоғыз, қырық және жұлдыз жорамал» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғажайып тылсым сырлары
Тұңғиыққа енейік.
Жаратылыс туралы
Есеп шешіп көрейік.
Өмірге келер гүл бөбек
Әулие-әмби, пір қолдап.
Тоғыз ай, тоғыз күн – демек,
Екі жүз сексен күн болмақ.
Екі жүз сексен бөлінсе,
Жеті қат көкке – қырық күн.
Әр ғаламшар өзінше
Ұясындай үміттің.
Қырық күн сайын ретпен
Шаранаға өбек боп.
Аялап ақ тілекпен,
Құдіретіне жебетпек.
Бірі – бойға қан беріп,
Екіншісі – ет түзер.
Үшіншісі – жан беріп,
Бірі түйсік жеткізер.
Бірі – нықтап сүйегін,
Бірі – сезім берсе егер.
Ал ең соңғы киелің
Келбетіне нұр себер.
Әр ғаламшар борышын
Өтеген соң төрінде.
Айы-күні толысып,
Сәби келер өмірге.
“Осымен тәмәм бәрі де,
Біттік біздер” – демейді.
Жеті кие әлі де
Желеп оны жебейді.
Тағы да алып кезегін
Қырық күндік, бағалы.
Тағдырдың әр кезеңін
“Қас-қабақпен” бағады.
Бақытың да, бағың да
Ықпалында солардың.
Жұлдызыңа бағын да,
Табынып өт соған мың.
Жеті қат көк – кие дер
Тағдырыңды шешеді.
Міне, осыған сүйенер
Жұлдызшылар есебі.
Өміріңді алдағы
Болжап берсе, тосылма.
Жұлдыз жорамалдағы
Бар құпия осында.
Дүниенің тұғыры –
Жеті қат көк айналған.
Бар тірліктің ғұмыры
Жеті әлемге байланған.
Жеті әлемнің – иелік
Біліп ал да амалын.
Жұлдыздарға сүйеніп,
Аш жұмбақ-сыр қамалын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері