Шарадалар

Бұл бетте «Шарадалар» атты Арасанбай Естенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сан болса – бір бөлігі,
Екіншіде – құралмын.
Қоссаң, нулы белеңі
Жайлау болып шығармын
/Екі-аша/

Бірінші боп басқы сан
Екіншіде – мүшеңіз.
Үшінші боп басты дәм
Қала құрар үш егіз.
/Екі-бас-тұз/

Бір бөлекте – сан дағы,
Екіншіде – бояумын.
Шың боламын таудағы,
Шыға алмайтын жаяулың.
/Үш-қара/

Бұл санға – бір буынды,
Жалғап едік батылды,
Туды да нән туынды,
Қызығына батырды.
/Үш-ноян/

Бірінші сөз – сан дағы,
Басы болған бірліктің,
Екіншіде – жан-жағы
Суда қалған құрлықпын.
/Үш-арал/

Қосып үздік бағаңа
Сәнді ағашын бауымның,
Айтып берші ағаңа
Атауын бұл ауылдың.
/Бес-терек/

Екі-ақ әріп бір санға
Тіркей сал да дөңесті,
Жатқан құмды құрсауда
Қаланы тап, сен, ескі.
/Үш-төбе/

Саусағыңның саны мен
Мейманның бір мәнінен
Шығатын бір амалмын
Келе жатқан әріден.
/Бес-қонақ/

Киелі сан кез келіп,
Баукеспе ұры, әккіге,
Атау шықты өзгеріп,
“Дәу шөмішке” шақ, міне.
/Жеті-қарақшы/

Сырлы санға бірлікпен
Қоссаң өмір шырағын,
Денеңдегі бір нүктең
Болып мен де шығамын.
/Сегіз-көз/

Ерекше түр, әуезім,
Жәндік те өзім, ән де өзім.
Сан мен мүше түрленткен
Көрдің бе сөз кербезін?
/Сегіз-аяқ/

Сал сөзінің серігін
Соңына ертіп бұл санның,
Ері болған елінің
Атын ата бір салдың.
/Сегіз-сері/

Бірлік санға кемелді
Қоссаң қойдың “тезегін”,
Ойын болып ежелгі
Қазақ елін кеземін.
/Тоғыз-құмалақ/

Бір бөлегім алдыңғы
Торапты сан, киелі,
Екінші атау – шалғынды
Көк біткеннің сүйері,
Тапсаң жердің жаннаты –
Шыға келер жер аты.
/Тоғыз-бұлақ/

Бір ірі сан, жанаса,
Жетекке алса көлікті,
Шыңы бұлтпен таласа,
Жайлау шығар көрікті.
/Мың-жылқы/


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері