Қадірлеңіз ұстаз берген тәлімді!

Бұл бетте «Қадірлеңіз ұстаз берген тәлімді!» атты Әділет Айданбек жазған ұстаз туралы өлең берілген.

Қаламым жыр жазуға даяр менің,
Тасып тұр дариядай кең көңілім.
Жиі-жиі сағынып еске алатын,
Ұстаздарға арналады бұл өлеңім.

​Ойын қуып, жайраң қаққан көңілде,
Сәби едік, алғаш келдік мектепке.
Оң мен солды, тіпті қалам ұстауды,
Үйреттіңіз білмейтұғын кездерде.

​Енді, міне, бастауыштан өткенбіз,
Әліппемен қоштасып та кеткенбіз.
Әріп танып, санды жаза білсек те,
Балалықты қия алмаған екенбіз.

​Уақыт сырғып, күн де жылға ұласты,
Қыстан - көктем, көктем жазға ауысты.
Жадыраған жайлы маусым біткен соң,
Қоңыр күз де бізбен қайта табысты.

​Солай жүріп талай қызық кешкенбіз,
Он бір жылда ер жеткенбіз, өскенбіз.
Ұямыздан түлек болып ұшқан соң,
Сан саланың маманы боп кеткенбіз.

​Бірақ, әттең, қалды өкініш көкіректе,
Қия алмай, қарайлаймыз сол мектепке.
Санамдағы сұрау кетпей "Неге, неге?!"
"Ұстаз сырын ұқпаппыз-ау ертеректе"

​"Мектеп енді өтті-кетті" демеңіз,
Жолай өтіп, соқпай ғана кетпеңіз!
Ұстаз сізді аңсайды ғой көруге,
Құшақтасып, амандасып кетіңіз.

​Ұстаз — ана, ұстаз — әке қадірлі,
Қадірлеңіз ұстаз берген тәлімді!

Авторы: Айданбек Әділет


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер