Ауыл суреті

Бұл бетте «Ауыл суреті» атты Гүлнәр Уәлиоллақызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өрнектеп салған мынау бір,
Момақан тірлік бейнесі.
Не кеңеспен жүр екен,
Желбіреп аға жейдесі.
Бал жанып жүзі жеңгейдің,
Жер ошақ жақта күйбіңмен.
Манаурап жатқан тіршілік,
Суретті мынау сүйдім мен.
Қарттарым отыр қыратта,
Иыққа салып күпісін.
Су жаққа кетті бойжеткен,
Бұлғақтатып үкісін.
Аналар екен анау бір,
Жүн сабап жатқан тулақта.
Жігіттер жүр ғой желіде,
Сұқтанып қарап су жаққа.
Өрнектеп салған мынау бір,
Тамаша тірлік бейнесі.
Сағыныш мауқын басамын,
Суретке қарап кейде осы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері