Ақын ағаға хат
Бұл бетте «Ақын ағаға хат» атты Гүлнәр Уәлиоллақызы жазған поэзия туралы өлең берілген.
Көріп жүрміз, ағажан, өлеңіңді,
Бізге сәуле сенеміз төгеріңді.
Оқығанда өзіңнен сүйікті өлең,
Ұмытып та кетемін желегімді.
Ақындардың ішінде дара тұлғаң,
Талай ғашық табылар арамыздан.
Нәзіктігі перде боп тосқан шығар,
Нәзіктікке жанбыз ғой жаратылған.
Сұрана ма тағдырдан көп несібе,
Бұл өлеңі ақынның өкпесі ме.
Жастық жырым кім кепіл қырықтағы,
Жүрегіңе жылу боп жетпесіне.
Қош, махаббат, дейсің-ау күңірене,
Ақын жаның өмірден түңіле ме.
Жырыңа арнап самалмен жыр жолдадым,
Ақын аға, жаныңа біліне ме?
Сен ақынсың сезімі түйдектелген,
Сен ақынсың жаныңа жыр бөктерген.
Тәнті болып жырыңа тәтті үмітпен,
Мен әйтеуір өзгеше күйді өткерем.
Ой қазыққа өзіңді арқандайсың,
Қиялыңмен қиынды талқандайсың.
Сен ақынсың өрлігің үлгі болған,
Бөгет емес сондықтан әр қандай сын.
Жақпаса да басқаға жырым мүлде,
Жыр жазудан әр дайым түңілдім бе?!
Өзіңе арнап жазып ем талай өлең,
Назарыңа, ағажан, іліндім бе?
Дегенменен ақында бар қызбалық,
(Абыройды ешкімге алғызбадық)
Оқыдың ба жырымды мекемеде,
Ел кеткенде, ағажан, жалғыз қалып.
Оқыдың ба жырымнан жүрегімді,
Өткіздің бе ойланып бірер күнді?
Білдіруге бір лебіз батпадың ба,
Жеткізбеген мұратқа жігер кімді?!
Оқығанда өртенген жырларымды,
Сезесің бе алыстан бір жалынды?
Елестетем мен әйтеу қарсы алдыңда,
Жырым емес, өзімнің тұрғанымды.
***
Ғұмыр-ау, алдадың ба ақын қызды,
Қайғының жасы жуып жатыр жүзді.
Алысқа сен жол алдың, мен ауылда,
Айырды қайран арман ақыр бізді.
Ғұмыр-ау, алдадың ба жыр жанымды,
Сездің бе сені ойлап тұрғанымды.
Жазар едім мәңгіге өзің жайлы,
Алыста оқып жүрсең жырларымды.
***
Ақын аға, мен-дағы ақынмын деп,
Қиял қуып таңдарды атырдым көп.
Көрім-көрім лирика жазып едім,
Дұшпандарым артымнан жатыр күндеп.
Өмірімде ұстанған мұратым бар,
Қан көшеде қайғысыз тұратындар
Ту сыртымнан шүйріліп сыбырламай,
Айналайын, бет келіп жылатыңдар!
Бұған бола теңіз боп тасығам жоқ,
Өзің тұрған биікке асығам көп.
Алаңдама, ағажан, жел сөздерге,
«Бүлдіршіндей ақын қыз» басылар деп.
Арманыңды үмітке жалғап келем,
Ақын аға, осы екен қайрат деген.
Жылы-жылы жазайық жыр деп едің,
Сенімімді мен соған байлап келем!
***
Сырға толы, мұңға толы жылдар-ай,
Ақын аға, демегейсің бұл қалай?
Сағынатын сәттерімді кей-кейде,
Сезіндіру керек болып тұрғаны-ай.
Бұл күндері сүйіктім де таң қалар,
Жыр жазамын одан артық бар ма амал?
Алаңдатар сол сезімді бәрінен,
Мүмкіндігің болмағаны аңғарар.
Жаза берем ақын аға хатымды,
Қазір менің қаламым да жатылды.
Хатымды оқып көз алдыңа қыз емес,
Елестеткін Бауыржандай батырды.
Ақын аға, менде осындай арын бар,
Отыздағы өршеленген жалын бар.
Айланып кеп бәрін жырдан табатын,
Білесің бе аппақ қардай арым бар.
Ақын аға, әлі талай толғанам,
«Бүлдіршіндей ақын қыздан» болма алаң!
Жырларыңды көрмейінші жүдеген,
Өмір бойы нағыз арман бұл маған!
Ақын аға, мен осындай күйдемін,
Ақын кейде ұмыта ма сүйгенін.
Басқа ақынды түсінбедім, білмедім,
Өзім әйтеу дәл осындай күйдемін!
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі