Ғайып болған қос аққу

Бұл бетте «Ғайып болған қос аққу» атты Зайда Медеуханқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қалықтап ұшты қос аққу,
Жарылды бұлт ағынан,
Шыр етті, аққу жер құшты,
Адамдар атқан оғынан.
Сыңары қонды көлге кеп,
Пана бір болмай бұл жаһан,
Көз жасын келіп селдетет,
Қыйды деп сені қай адам.
Оқ тиген аққу қыбырсыз,
Жол тартты бақи өмірге,
Толқыды көл тынымсыз,
Жұбату бермей көңілге.
Пәниде қалған сыңары,
Самғады көкте зымырап,
Бетке алып биік шың-құзды,
Ұрылды құзға ол бірақ.
Табиғат ерке сетері,
Құзда тұр басы салбырап,
Қос аққу солай ғайып боп,
Шыбыны кетті шырқырап.
Деді бір қарт балаға,
Зұлымсың неткен, о адам,
Жазықсыз атып жан үзген,
Аққуды көріп жағадан.
Жануар ғой мынау кіршіксіз,
Қыйдың қалай қыршыннан,
Сыйғызбайды-ау, әрине,
Пәк мүсінді бұл жалған.
Жартастан көріп сыңарын,
Күйіктен өзін өзі өлтірген,
Тыя алмай кетті көз жасын,
Сел болып көлге төгілген.
Күрсіне берді аһ ұрып,
Қайтқандай бір туысы,
Отырып қалды бүктісіп,
Өртеніп барад қу іші.
Көтеріп басын бір кезде,
Жігітке қарап сөйледі,
Себепсіз жылайды дейсің бе,
Жігітім, сірә, сен мені.
Меніңде болған аққуым,
Жұтып кетті осы көл,
Содан бері қайғымен,
Өтті жарым ғасырым.
Ол өлсе де, мен өлмедім,
Не деген қиын пенделік,
Ішім өлі, сыртым сау,
Күйікпен келем сенделіп.
Ажалы емес алланың,
Адамдар еді зорлаған,
Айрылып солай ғашықтан,
Өмір бойы сорлағам.
Кетті тағы еңіреп,
Зіл-зала болды жер жаһан,
Көл толқып, құстар шулады,
Қалмайды-ау қарт енді аман.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері