Шалдарды сағыну – І

Бұл бетте «Шалдарды сағыну – І» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жетелеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар –
Құдайдай күтіп алады,
Ақ шұнақ шалдар, сары шалдар.
«Жеті жұрт көшкен жерленбей», –
Маңғыстау осы дейін мен...
Сен жаққа Қызыр көргендей
Қарайды шалдар бейілмен.
Сойғызып бағылан қозыны,
Босайды сосын жан-жүйе.
Аяттарының созымы –
«Үш жүз де алпыс әулие...»
Болмасаң, бауырым, сөзге олақ,
Жатырқар дейсің ол кімді? –
Өкпелей көрме, қазбалап
Тергесе арғы-бергіңді.
Мәшһурат – кеңес құрарға
Жинайды ол бастас бар шалын.
Кезінде шыққан ұранға –
Еліңнің сен де айт жайсаңын.
Есіне өткен кезді алса,
Аруана-қарттар боздайды.
Жетпеген бізге сөз болса, –
Жеті атасынан қозғайды.
Желбіреп күміс сақалы
Сайрайды, ал Абыз Атадай.
Ширылып шыққан мақалы –
Алшы боп түскен сақадай.
Ой салып қапы тұстарға,
Бағыштар небір ерге өлең. –
Жалмауға келген дұшпанға
Ақырып қылыш сермеген.
Соғыстың ізін көптеген
Нұсқар ол әлі өшпеген. –
«Бұл жерден кімдер өтпеген,
Басынан нелер кешпеген?!.»
Тербейді кенет көңілін
Жыр, күйі екі Абылдың...
Отырар жаңа нөмірін
Парақтап «Жұлдыз», «Жалынның».
Жандарын алма жүдетіп,
Оқи біл – тірі хаттарды.
Жатады қайта түлетіп –
Қашаған, Нұрым, Ақтанды.
Болғандай бейне қасында,
Бедерлеп тарих өрнегін –
Бәленшекемнің асында
Бәйгіден қай ат келгенін;
Айтады бәрін аңыз ғып,
Кімдерді кімнің жыққанын;
Мәйегін сөздің ағызып
Қай бидің қалай ұтқанын.
Жыр мен күй жетер ертіп ән,
Жарқ етер жанда ғайып хәл –
Ақшора менен Белтұран,
Ақбөбек пенен Қайыптар!..*
Көңілдің көгін кезсе мұң –
Кезеңді еске ап үрейлі;
Мәтжаннан* өтіп,
Сөз соңын
Тобаниязға* тірейді...
Ексіміне еріп кей заңның,
Батасын бөліп жүрме тек:
«Оңдай гөр, жолын мейманның,
Қолдай гөр, – дейді, – Пір Бекет!..»
Аттанар шақта, күбірлеп
Кеудеңе сенің төс басып:
«Жақсы атың шыққай, ұлым», – деп,
Қалады қимай қоштасып...
Жетектеп жолдың торабы,
Маңғыстау жаққа барсаңдар –
Құдайдай күтіп алады
Қара шалдар мен сары шалдар...
Өртемей мені тынбас-ты,
Сағыныш өрті – ұлы алау.
Қиырда жүрген кіл жақсы
Азайып қалған шығар-ау.
Кеттім мен неге қасыңнан? –
Жыраққа жылдар сүйреді-ау.
Назырқап барсам басымнан
Сипайтын шалдар сиреді-ау.
Барады кеміп біртіндеп
Кеуделер – шыққан саз аңқып.
«Жабы боп кетер жұртым», – деп,
Жандарын жүрген тазартып...
Сұрқым пәс, тұрқым еңкіш боп,
Сеземін бақ-құт ауғанын.
Күн санап еңсем жер тістеп,
Барады шөгіп тауларым.
Тауларды жоқтап жас тамды
Торыққан, тозған жүйкемнен –
Төлежіп кеткен Аспанды
Төбелерімен итерген...

25.05.1982 ж.
Алматы
--------------------------------------------------
Ақшора-Белтұран, Ақбөбек-Қайып* – Маңғыстауда өткен арманды ғашықтар.
Мәтжан Тілеумағамбетұлы* – (1841 – 1929) би.
Тобанияз Әлниязұлы* – (1875 – 1930) би. Адай уезінің тұңғыш ревкомы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері