Өткен соғыстың бір сәті

Бұл бетте «Өткен соғыстың бір сәті» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мына дүние бейне жынның ордасы,
Еш мігірсіз ышқынып жау бомбасы –
Сансыз өлік жайрап жатыр маңайда,
Тірілерді қайрап жатыр қолбасы:
«...Қанша болды –
бомбалардың астында
жаураудамыз, –
Өлімге әзір бас бұрма!
Жыртқыш көздер жарқылдайды түнде де,
Дұшпан біткен айналғандай қасқырға.
Қанша уақыт танкілердің астында
Жанышталдық! –
Өлімге әзір бас бұрма!
Әне, тағы топан қаптап келеді,
Айналғандай дұшпан қара тасқынға.
Қанша уақыт оқ пен оттың астында
Бастық талай: «Хас албасты басқырға!..»
Қаншама ірет таптамақ боп төнген жау,
Қашқан кезде айналуда босқынға!
Сан боздақты басты сарай, бастырма,
Сүрт көзіңді
– жанарыңда жас тұр ма?!
Моламызбен жауға бөгет болармыз,
Тыныш жатар біз бе жердің астында?!
Қанша қудық маңға үрейді жолатпай,
Біз бе, тәйір, өле қалар оқ атпай?!
Жар алдында біздің мамық жанымыз,
Жау алдында болған дәйім болаттай!
Жан табылмас бізді, бәлкім, көмуге,
Жаралғанбыз келешекке сенуге.
Күні кеше қалай өлсе бауырлар,
Тиістіміз біз де солай өлуге!..
Тағы қаптап келеді, әне, жасқанба,
Оқпен ғана өшпейтін ғып бас таңба!
Бүгін, мүмкін, жер астына түсерміз,
Ертең Даңқ шығады анау аспанға!..»
Қолбасы тұр көзде жанып қанды кек,
Қан-қан сарбаз көрсетеді сәнді ізет...
Қаһарлы үнді кетті кенет өшіріп,
Қаңғып келген, аңдып келген жалғыз оқ!..
Көз алдымда жұтып қойды ерлерді от,
Көп жендеттер көк түтіндей көлбеңдеп.
...Полк та жоқ!..
Даңқ та жоқ!!
Тым құрса,
Арттарынан «қара қағаз» келген жоқ...

01.04.1984 ж.
Алматы


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері