Ұға алмадым – мұндай шындық бола ма?

Бұл бетте «Ұға алмадым – мұндай шындық бола ма?» атты Светқали Нұржан жазған шындық туралы өлең берілген.

XIX-ғасырдағы түрік сұлтаны II Абдулхамиттің 900-дей; XX-ғасырдағы Иран шахы Нәсіреддиннің 1200-дей әйелі болғанмыс.

Ұға алмадым – мұндай шындық бола ма?
Күмәндамын – мұндай сұмдық бола ма?
Өңі кеткен, көні кепкен мың теңіз
Жалғыз тоған суыменен тола ма?!
Құшпасам да басқа аруды өлеңнен,
Осы сауал ұрды жүрек, төбемнен.
Бойлай алмай сол сұмдықтың шынына,
Шарасыздан қиялға ерік берем мен.
Бизар қылған бағзы мұңнан айыққан,
Ат суарып Ніл, Сыр, Ганг, Жайықтан –
Дін-мұсылман баласына бір күні
Патша бола қалсам егер ғайыптан!
Тегім менің жатпағанмен «төреге»,
Қайтер едім тұтса халқым төбеге? –
Туа шайыр болған біздей немеге,
Патша болу деген, тәйір, немене?!
Бақ-Құт торлап, шаттық шарлап көгімді,
Маңдайға шын нәсіп қылса со күнді –
Мен мынаны мәлімдер ем жұртыма,
Жүрегіме басып тұрып қолымды:
Көрмей ешкім аруларды егілген,
ән төгіліп, күй төгіліп көгімнен –
гаремдерді меймандарға толтырып,
зындандардан мешіт жасар едім мен!
Алтын тақтан босамайтын тақымы,
Патша атансам жер шарлаған аты ұлы –
Иран-шахтай болсам және әйелдің
Жүзін, мыңын алуға да хақылы, –
Бұйрығыммен өрсе-дағы бар әлем,
Сағынып кеп, сарғайып кеп санамен,
Бұлаңдаған, ей, көлімнің еркесі,
Сенің ғана қасыңда мен қалар ем...

02.12.1984 ж.
Алма


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері