Көктем де келіпті-ау деп, мәз болмап па ем

Бұл бетте «Көктем де келіпті-ау деп, мәз болмап па ем» атты Светқали Нұржан жазған табиғат туралы өлең берілген.

Көктем де келіпті-ау деп, мәз болмап па ем,
Өткенде қаңқылдасып қаздар көктен...
Адастым ақ нөсердің арасында,
Өзіңнен мәңгіге көз жазғанда, әттең!
Жасындар елші болып бұлтаралық,
Жатқан шақ шың басынан шырқап ағып...
Асырып Алатаудан кетті сені,
Ақ нөсер қойынына қымтап алып.
Басына бұлт байлаған қара шыңға,
Әлі де гүл теруге барасың ба?..
Шаштарың су-су болып жүргендейсің,
Әлі күн ақ нөсердің арасында?
Жас ғұмыр – жасынды бұлт, көшер бастан,
Көше алмай біздің бастан неше арбасқан.
Үйіріп арманымды алып кеткен,
Кірпігін нөсер басқан о, шерлі аспан,
Қай жерде жүр екенсің – дос ем жастан?!
Жастық шақ бұлт боп тағы төнетіндей,
Төнсе егер кешер едім мен өкінбей.
Астында ақ жаңбырдың жүрем әлі –
Су-су боп өзің шыға келетіндей...

1982-85 жылдар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері