Аңсар

Бұл бетте «Аңсар» атты Светқали Нұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көк белдер сонау сағымнан жаулық салатын,
Телміре қарап тұратын соған бала ақын.
Бала ақын едім шарқ ұрып жүрген қанатын,
Бүтінді – бөлшек,
секунд кып өлшеп сағатын.
Алысқа қарап аңсармен асқақ күн көргем,
Шуаққа шомғам қырқаға барып гүл көмген.
Даланың қызы!
Жолықтың маған бір белден –
Қызғалдақтарға көз жасың сіңіп үлгерген.
Жынына тиер шобырдың шорқақ жортуы,
Жас жүйрік едім сөгілген жаңа қолтығы...
Қара шалдырмай қиял-қашаған сол күні,
Тербетті жанды сағымның сансыз толқыны.
Көрешек қызық сол сәтке жалғыз тати ма?!
Жібермей қалды жолымды бөгеп жат иба.
Сағымнан жаулық,
салдың да гүлден сақина,
Толқынды кешіп жоғалдың сіңіп бақиға.
Шегі де бар ғой, шеті де бар ғой Ибаның,
Шексіз де шетсіз дүниеге, бірақ сыймадым.
Қауыздарына көз жасың сіңген – Иманым –
Сағымды кешіп басуға гүлді қимадым...
Жылжиды жылдар, жылжыған жағын байқатпас,
Сырғиды құмдар,
мүлгиді таңдар қайта атпас.
Келеді көктем, болады тағы байтақ мас,
Толқиды сағым, тұрады гүлдер шайқап бас.
«Ауыр, – деп – жолым» беремін несін өкіне?!
Сұлулық Тәңірі оралад түбі ниетіме...
Иба мен Ардың таңбасын басқан бетіне
Дүниенің тағы тіреліп тұрмын шетіне...

1987 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері