Мені мынау жалғанда

Бұл бетте «Мені мынау жалғанда» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мені мынау жалғанда
Түсінетін жан бар ма?
Жан дарағын жай ұрар,
Жаңа бүршік жарғанда.

Ақпа-төкпе нөсерден
Әрқалай күй кешем мен.
Әлмағайып жан ба едім
Ана сүтін кеш емген?

Атқан таңмен ағарған,
Батқан күнмен қабарған
Кім аясын ақынды,
Қыздан нәзік жаралған?

Кіл шаһбаз,
Кіл «мықты»
Дос болмады кіндікті.
Жалқауға да жал бітті,
Мылқауға да тіл бітті.

Аузымен құс тістеген
Қандай күйге түсті өлең?
Әкім мені неғылсын,
Ат үстінен түспеген?

Белгілі ғой қалған жәй,
Болушы еді хал қандай:
Қара жерге жас емес,
Қарашығым тамғандай!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері