«Қуыршақ құдайлар»

Бұл бетте ««Қуыршақ құдайлар»» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Көкте тырна тыраулады,
Жерде желек қыраулады...
Жәми жалған тiршiлiктiң
Жамау-жасқау, құрау бәрi!
Бәрi – алдамшы!
Бәрi – өтпелi!
Өліараның тар өткелi.
Шетте қалды-ау шермендедей
Шекспирдiң сонеттерi...
Ұйқы ұйытып тұла бойды,
Тұмшалады тұман ойды.
Ұлықсыған кейбiреуге
Ұлы Абай да ұнамайды.
Бәрi – өтiрiк! Бәрi – жалған!
Көздi арбайды сағым-арман.
Жезтырнақтың әлемiшiн
Жезөкшелер тағып алған.
Қазақы үйдiң қан қасабы
Жең ұшынан жалғасады.
Қарға қарқ-қарқ күлген сайын
Қара орманнан ән қашады.
Болсын деп ем Ай, Күн аман,
Ажал құшақ жайды маған.
Әр кеудеде бір құдай жүр
Қуыршақтан айнымаған.
Жөргектегі, құндақтағы
Ей, «құдайлар», тіл қат, кәні?!
Қасиетті қара жерді
Жебір жайлап, жын қаптады.
Жер желіксе бүгін егер,
Көк күрсініп, күңіренер.
«Құдайлардың» несі кетер?
Екі ортада шыбын өлер...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері