Тығырық
Бұл бетте «Тығырық» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бақ қонбай,
Тіршілікте байлау болмай,
Басар тау,
Баратұғын жайлау қалмай,
Жазықсыз көңіліңді езіп-жаншып,
Аспаннан жаңбыр емес, жай жауғандай!
Таба алмай нудан дауа, шудан дауа,
Кеңістік кермек татып, уланды ауа.
Боз басы талай таудың тақырланып,
Көз жасы талай көлдің буланды-ау, ә?..
Айтатын наз да қалмай, саз да қалмай,
Көңілің көрден інін қазған аңдай.
Қызыл шоқ көкіректің лықсып лебі,
Аһ ұрсаң, ауа өртене жаздағандай!
Сауықшыл сән де қалмай, ән де қалмай,
Еңсені зіл басады әлдеқандай.
Құлықсыз көз тастайсың құладүзге,
Есінеп-құсынап, ұйқың қанбағандай.
Серпілер шараң да жоқ, шамаң да жоқ,
Бір сырқат тап келгендей саған бөлек.
Сарқылды сабыр шіркін шыдай-шыдай,
Тартылған Сыр, Амудай Аралға кеп.
Тұйыққа, тұңғиыққа жол тірелді,
Санамыз саңылау іздеп тентіреулі.
Жамылған қой терісін қасқырларды,
Ағайын, Ар сотына келтір енді!
-
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі