Дүмше патриот

Бұл бетте «Дүмше патриот» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жаманға түндік тескен жел уайым,
Жақсыға кіндік кескен ел уайым.
Тексіздің тез көрмеген тебегені
Майсамды майқандаса неғылайын?
Түседі алуан әріп бір қағазға.
Өмір – жұт,
Өзді-өзімен жұрт аразда.
Қанбаған қан мен терге қара жерде
Қабылдан тарап кеткен ұрпақ аз ба?..
Харекет, берекетті қасына алған
Аман бол, айналайын, асыл Ордам!
...Еріксіз 37 түсті есіме
Талайдың шашын емес, басын алған.
Көз оғын сөз оғымен қосарлаған
Оспадар кездеспептi-ау осал маған?!
...Еріксіз 52 түсті есіме
Тоқалдар шөміш алып шошаңдаған!
Қабынба, қағынба да, байқа, бала,
Қайдағы Қасіретті қайталама!
...Мың тоба Тоқаңдар мен Мұқаңдарға
Отырған мәйшат құрып Мәйханада.
Астарын аңғармастан ақ–қараның
Ағаңды әбжіл болды-ау даттағаның.
Сары ауыз балапаным, көрініп тұр
Тәттіден басқа дәмдi татпағаның.
Дәметпей әлдекімнен күлше, пәтір
Қайтеди өз жөнімен жүрсе пақыр?
Дүние астан-кестен болмас едi-ау,
Дүм жағын қысып жүрсе Дүмше-патр...
Жүйрікті қамшыласаң – бағы жанар,
Қашырды қамшыласаң – қағы қалар.
Кімдерге кімнің қалай жаны ашиды? –
Асықпа, елдің өзі-ақ танып алар.
Таратып айналаңа сөз мазағын,
Тағы да қоламтаңды қозға, жаным.
Көлденең көк аттыда шаруам не?
Ұрсам да, ұрыссам да – өз қазағым!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері