Қанқұйлы

Бұл бетте «Қанқұйлы» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

О, Қанқұйлы, Қанқұйлы!
Атқан оғың дәл тиді.
Қауырсыны Аққудың
Қара суда қалқиды.
Күңіренген үн шықты,
Құс біткенді ыршытты.
Батып бара жатқан Күн
Қызыл қанға тұншықты.
Ақ Шағала аспандап,
Қашып-пысты Қасқалдақ.
Жер үреймен жүрегін
Ұстап тұрды қос қолдап.
Селк еткізіп сезімді
Жүрек неден езілді?..
Шоршып түсіп ақ шабақ,
Көл түбіне безінді.
Қамыс жақты жел кеулеп,
Жаңғырықты жер мен көк.
Көзді ашытты көк түтін
Көл бетіне көлбеулеп.
Кеуде кере күрсініп,
Тыншып қалды Тіршілік.
Көл денесі дір етті,
Әлденеден түршігіп...
О, Жарақтым, Жарақтым,
Жай атпадың – дәл аттың!
Қызыл қанын Аққудың
Қызыл тілге жалаттың!
Өкінбейін кеш, кейін –
О, қош дейін, қош дейін:
Қызыл күрең өрт шалды
Ақша бұлттың төскейін...
Күбір қақпай күрмеле
Тынып қалды тіл неге?
Көл бетіне қар жауды
Көлеңкесіз Шилдеде!
Қауырсын да қалқиды,
Мамық қар да қалқиды.
Айналадан ашқарақ
Ажал иісі аңқиды!
Өқсіп-өксіп жел-жетім,
Жылжиды еппен жерге түн.
Қанатымен сыңар құс
Сабалап жүр көл бетін.
Қанмен шерін тарқатқан
«О, ант атқан, ант атқан!
Осал жерін ерлердің
Қалай ғана дәл тапқан?!»
Аққуды атқан Сен едің,
Ажал тапқан Мен едім.
...Қара суды сабалап
Қалды-ау сыңар – Өлеңім...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері