Маздақ мұңның мөрін бастың жүрекке
Бұл бетте «Маздақ мұңның мөрін бастың жүрекке» атты Алпамыс Файзолла жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бұл өлең өзім оқыған қала Абердинге арналғанмен, онда жалпы Шотландия шаһарларының сипаты бар.
02.11.25.
Өзгеше өлке күн мұңайып, түн күлген,
Роберт Бөрнстер өткен жерде жүрдім мен.
Сұп-сұр қала шұғыласын шашты ғой,
Сұр түсте де шуақ барын кім білген!
Құс ән салған – сиқырлы әуез, мақпал үн,
Сағындырды өзіңде өткен шақтарым.
Жүрегіме жалын құйды теңізің,
Кім біліпті теңізде де от барын!
Қара нөсер ақ жауын боп көрініп,
Қара бұлтын ақ мамыққа телідім.
Шотландтың ойлы-қырлы жеріндей,
Кедір-бұдыр боп отырмын көңілім.
Саф ауасы таңғажайып нуыңның,
Хош иісі ерекше еді гүліңнің.
Теңізіңді сағындым да –
Балықтай –
Шағала-мұң тұмсығына іліндім.
Уиллиям Уоллес ел қорғаған замандар,
Сэр Уолтер Скотт жазған ғажап романдар –
Көне күннің көрсететін киносын
Ғимараттар, ескерткіштер, алаңдар.
Іштегі өзен көкірегімді баурап тым,
Ақтарылды селі сынды тау жақтың.
Ұйқыдағы жанартауым бар еді,
Арманыма шоқ тамызып, лаулаттың.
О, Абердин, ғылым-білім ұясы,
Көкті сүйген қырандардың қиясы.
Маздақ мұңның мөрін бастың жүрекке,
Сарайымды күйдіреді сиясы...
- Азамат Төре
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
- Али Акбар Деһхода
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі