Ана

Бұл бетте «Ана» атты Балғаным ӨНЕРБАЙ жазған ана туралы өлең берілген.

Бір сөз, үш әріптен құралған,
Мағынасы әр адамды толқытқан.
Ана деген - жүрегі ғой ғаламның,
Көңілдерге ыстық сезім орнатқан.

Анашым, анам менің - ардақтым,
Өзіңменен атсын әрбір ақ таңым.
Жүрегімде орның сенің ерекше,
Бәрінен де сұлу, нәзік, мақпалым.

Мен сенің перзентіңмің, аппағың,
Әр кез қолдап, қанатымнан қақпадың.
Әлі күнге есімнен бір кетпейді,
«Ақылдым» - деп құшағыңа басқаның.

Жылап келсем, көңіліме қарадың,
Құлап келсем, бетіме сен баспадың.
Сенбей маған, бәрі қарсы тұрғанда,
Өзің ғана мына мені жақтадың.

Тәрбиеңнен сусындадым, нәр алдым,
Қанат жайып, биіктерге самғадым.
Ана сенің арқаңда, енді міне,
Өз ортамда сыйлы адам атандым.

Әнім менің, сәнім менің, аяулым.
Жаным менің, барым менің, саялым.
Сенесің бе, ана, айтқан сөзіме?
Бұл жалғанда сенен артық таппадым.

Осы өлеңмен, ана, саған айтарым,
Жан дүниемді, жүрегімді ақтардым.
Өзің жайлы жаза берем, тоқтаусыз,
Жетеді оған, күшім менің, қауқарым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер