Туған жерім – тірегім!

Бұл бетте «Туған жерім – тірегім!» атты Алпысбай Әбділұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзіңде бар - біл, ырыс,
Туған жерім - тірегім.
Топырағың бір уыс,
Кеудемдегі жүрегім.

Жадымдасың қайда да,
Менмін саған ғашық жан.
Сүйсінемін айға да,
Аспаныңа асылған.

Отан сенен басталар,
Туған жерім – үй іші.
Жүрегімде сақталар,
Жусаныңның иісі.

Дәл өзіңдей сан қилы,
Менің болмыс, бітімім.
Жұпар болып аңқиды,
Туған ауыл, түтінің.

Қымбат маған көлің де,
Қымбат маған шөлің де.
Туған жерге татитын,
Жер бар ма екен өмірде?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері