Көңілің ауасындай тымық қырдың, бәрін де ұғып тұрдым – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Көңілің ауасындай тымық қырдың, бәрін де ұғып тұрдым» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.07.2016
  • 0
  • 0
  • 6105
Көңілің ауасындай тымық қырдың,
бәрін де ұғып тұрдым.
Жанарымнан от-ұшқын шашылғанмен,
жанымда тұнып тұр мұң -
сен мені ұмыт, құрбым.
Елтіме бар жаныңмен құлап маған,
сеземін - ұнап барам.
Тәкаппарлау өр болып көрінгенмен,
мен сәтте жылап қалам -
көңілім жыраққа алаң.
Албырт сезім көзіңнен ұшырды үміт,
айта алмай мысың құрып...
жайраң қағып, жарқылдап күлгеніммен,
қайғы тұр ішімді үгіп -
айтқызбай түсін, жігіт.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері