Бекет ата рухына – Қабиболла Сыдиықұлы

Бұл бетте «Бекет ата рухына» атты Қабиболла Сыдиықұлы жазған ата туралы өлең берілген.

  • 07.09.2016
  • 0
  • 0
  • 3522
Бекет Ата – қасиетті бір есім,
Қайда барсам қасымда сен жүресің.
Жоқ деп сені айта алмаймын ешқашан,
Жүрегім мен санамда өмір сүресің.

Не көрмес жан, дәм-нәсібе бұйырса?!
Бұл өмірде қысып талай қиын шақ –
Қасірет бұлты торлап алған кездерде,
Күнім шықты бір өзіңе сыйынсам.

Сол ақиқат жанып-жанып сөнесің,
Сол себепті бір құдіретке сенесің.
Бұл пәниде тірегім боп уа, бабам,
Қамқорым боп жөн сілтеумен келесің.

Жүрегімнің жалынымен жазамын,
Рухыңа таза тілек – таза мұң.
Әруағыңды ардақтайды адайың,
Қасиетіңді қадірлейді қазағың.

Бір өзіңе бас иетін көбейді ел,
Жаным жүдеп, жабырқасам, жебей гөр!
Тайғақ кешу, тар жерлерде, уа, бабам,
Жар бола гөр, қолтығымнан демей гөр!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар