Бұл өмірде қия алмайтын сәттерім – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Бұл өмірде қия алмайтын сәттерім» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.10.2016
  • 0
  • 0
  • 11178
Бұл өмірде
қия алмайтын сәттерім -
жүрегімнен күй арнайтын сәттерім,
таң атқанша достарыммен ән салып,
жанымды орап нәзік сезім, бал шабыт,
сенің әрбір қылығыңды тамсанып
қиялдайтын сәттерім.
Бұл өмірде
рахатқа батқаным -
өзіңді іздеп тапқаным;
біреулерге үміт отын жаққаным;
жүргендерге жағалай ,,
қауіптеніп, күдіктеніп қарамай -
күлім қағып пәк көңілді баладай
сеніп жүрген шақтарым.
Ана аңсаған
жас сәбидей тәтті едің,
түнгі сырдай сәттерім!
Бақыт құшып құлпырғандай сары далам,
жүрегімде бұлқынғандай арман-ән -
осы менің өмірімді жалғаған
жыл құсындай сәттерім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері