Өлең, жыр, ақындар

Сыр

  • 16.01.2018
  • 0
  • 0
  • 2360
Қырдағы шоқ қызғалдақтай қыз едік,
Қанат жайып біз де бойды түзедік.
Көзімізде көктемдей бір күлкі ойнап,
Қабақтарға көрмеп еді-ау күз еніп.
Біздер жүрген сонау жалды сай-адыр,
Тербетеді бір ырғақпен ояу жыр.
Ортақ болып сырымызға ұзатқан,
Ай жеңеше орнымызда ояу жүр.
Кез жоқ еді-ау, таласқа бір қызбаған,
Жүрек бар ғой, сондықтан да қыз да адам.
Қырын қарап көрсе де боп көрмеген,
Кей жігіттер қарамаса, біз де оған...
Қызығы мол берсек сол бір күнге есеп,
Жыламасақ, осы кезде күлмес ек.
Үміт артып жол үстінде қиынға,
Солқылдаушы ек, қол ұстасып жүрмесек.
Қыз күндерім, аңғырт өткен, о, қайран,
Сапыратын жалын жаным от-ойран.
Болашаққа жол сызушы ек көңілмен,
Аулақ қалып, күңгірт сезім, жат ойдан.
Біз бір едік, жүзуші едік бір көлде,
Біз деген бір сөзімізде тұр көмбе.
Қызық көріп басымызға орамал –
Тартушы едік, десе де әжем, бүркенбе!
Жастық шағым, бүр ашпаған ой, көкмем,
Кеудемізге төңкерілген ай көктен.
Мен білмеймін, сырт көздерге ертелеу,
Қайсымыз боп көріндік бойжеткен.
Қыз күнімше кейде кетер жүргім кеп,
Көкірегімде ұшпа құс күй күмбірлеп.
Өмір заңы қатал екен, қыздар-ай,
Бір-бір елге кете бердік, бір-бірлеп...
Жылдар-жылдар бетке әжімін сызады,
Жылдарға адам сол үшін де ызалы.
Көңілдерің қандай, қазір достарым,
Менің көңілім үркек елік, қыз әлі...
Қайғырмаймын, қабағымды күз етіп,
Қателігін қызба кездің түзетіп.
Біз отырмыз ана болып сақшыдай,
Бір-бір үйдің шаңырағын күзетіп!..
* * *
Тыныштық.
Далада түн.
Ұйқым қашқан,
Кеудеме келеді бір күй тынбастан.
Самала сан сәулесін ойнатады,
Жұлдызды, жұмбағы мол сиқырлы аспан!
Жалғызбын.
Сендік сезім тұрды айықпай,
Өзіңді өзімменен бірге айыптай.
Қиялым айдын көлмен теңселеді,
Толқынға қарсы жүзген бір қайықтай...
Сабырсыз жүгіреді қайда көңіл,
Әнеки салқындатты ай да өңін?
Құйындай байлауы жоқ, тұрағы жоқ,
О, сәулем, көз алдыма ойнады о күн.
Тағдырдан сыбаға осы, тиер маған,
Ойланған, оңаша қап, қиялдаған.
Басқаны алғашқы арман серігіндей,
Зорланып күйіп-жанып сүйер ме адам.
Тыныштық, далада түн сезімді үрген,
Келмейді сабыр алып төзім бірден.
Таңым-ау, менің көңілім сені іздеген,
Сазан ай, түн көгінде кезіп жүрген...
* * *
Болса ауыр махаббат жүгі тым,
Сәл тынық, отырып, жігітім.
Сен үшін мен шаршап көрейін,
Сөнгенше ақырғы үмітім.
Жаныңнан бір жаңа саз ұқтым,
Демеймін уақытты аз ұттым.
Ұшындай қиялдың жеткізбес,
Бір арман байланар қазықпын.
Бақытты қандай жан тілемес,
Жанымда бір үлкен жүр елес.
Қыз жаны қырдағы сен айтқан,
Иіскеп тастайтын гүл емес.
Болса ауыр махаббат жүгі тым,
Сәл тынық, ұйықтап, жігітім.
Самал боп оятып алайын,
Сөнгенше ақырғы үмітім...
* * *
Жайлар көп әлі жаным, сен білмеген,
Өзіңді білемінге сендірмеген.
Рұхсатсыз кіріп келдік арман артып,
Бақыттың отауына ендірмеген.
Білместік күйдіреді, күлдіреді,
Кірпікке күміс моншақ ілдіреді.
О, ғажап, мойнымызға шаңырақтан
Сұлудай оралады күн білегі.
Сыр оқып туған жердің әр тасынан,
Өмірдің сыбаға алдық қалтасынан.
Келіңдер, іздегендер бақыт кілтін,
Есікті ашып қойдық шалқасынан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тамшылар

  • 0
  • 0

Ақталып қашанғы арман, қашанғы үміт,
Көзіне сұлу қыздың жас алдырып.
Жығылмай көкке шаншып секіргенде,
Асауды үйретер тек асау жігіт.

Толық

Жеңіс жыры

  • 0
  • 0

Онда мен үш жастамын,
Ол бір күн сендерге аян, тұстастарым.
Аңыраған әнімен аналардың,
Аударылып қанша рет түсті аспаным!

Толық

Жайдары Жетісудың атса таңы

  • 0
  • 0

Жайдары Жетісудың атса таңы,
Жер жарып Жетісудың жатса атағы.
Ол сенің шапағатың деп білемін,
Жез таңдай жырдың жүйрік ақсақалы!

Толық

Қарап көріңіз