Бір құрлық бар түспеген қартаға әлі – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Бір құрлық бар түспеген қартаға әлі» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 4669
Бір құрлық бар түспеген қартаға әлі,
сыйғызардай төсіне сан қаланы.
Ғалымдар да білмейді оны әзірше,
тек арнайы іздеген жан табады.
Кездеспейді мұнда ешкім қақпан құрған,
елдері бар бір-бірін мақтан қылған.
Сәуле құйып бәріне бір шаңырақ,
бір босаға сапарға аттандырған.
Енгендейсің ғажайып ән еліне,
жоқ саясат, топтардың әлегі де.
Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды
бір-бірінің ішкі істер әлеміне.
Шақырғандай ертеңге арман аппақ,
әз ұяның үрейсіз таңдары атпақ.
Үлкен-кіші бір-бірін аялайды
шұлғымай-ақ бас изеп, жалбалақтап.
Берген маған сол құрлық алыс бағдар,
бұл – біздің үй, білетін таныс жандар.
Елдер – патша көңілді, арыстан жал
сол үйдегі ірі-ұсақ данышпандар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері