Қажылық, иман шарттары
Дүниеде сөз қатығы өлең-жыр бар,
Білуге сөз мәнісін неше қыр бар.
Би хикмат Жаббар ием жаратқан жоқ,
Бұлайша болуында бек көп сыр бар.
Диуана болған Әдһам масауалла,
Дүние үшін болған емес шаиналла.
Бір қызға ғашық қылып, мұфтала етіп,
Дерт берген дауасы жоқ оған Алла.
Сол қызға төккендіктен Хақ өз нұрын,
Диуана салған Әдхам көздің қырын.
Болмаса не себептен ғашық болды,
Қайда еді қыз іздесе мұнан бұрын?!
Құдайдың болды ғашық нұрын көріп,
Танумен өзге жұрттан бұрын көріп.
Қудырған елден патша қылып намыс,
Әдхамның бұл мінезін қырын көріп.
Ғашықтық бір ауыр жүк көтермес нар,
Жүк салған сүйген құлға Хақ Сәруар,
Құдайдың құдіретіне не шәгің бар,
Бір қызға диуананы қып қойған зар.
Ол қызды Жаббар Алла қалай тосты?
Жол болмай жолығуға жердің үсті.
Апарып жер астына тығып салып,
Көрсетіп шеберлігін өзі қосты.
Не қылса істейді өзі Хақ тағала,
Ешкімнің таласы жоқ оған жана(және).
Алланың өз нұрынан пайда болып,
Жалғанға Ибраһимдей келді бала.
Әулие өткен екен неше мың сан,
Не қылса, тәңірім өзі, сен бұған нан.
Дәл осындай болғаны кем де кем-ақ,
Жалғанға жеке дара келген бір жан.
Қалайша ашты тәңірім алдынан жол?
Бір ұстасқан айырылмай кетті ғой қол.
Атанған жеті Бүзрік сұлтан болып,
Атақты әулиенің біреуі - сол!
Қош, онан Махмұт сынды бала туды,
Атаның туысымен жолын қуды.
Он бесінде бұрылмай оң мен солға,
Аттанды Хақ жолына ұстап туды.
Таяғын атасының он бесте алды,
Әкесі Хақ жолына құрбан шалды.
Мұны да ойлап біраз білу керек,
Құдайдан сонда қандай дәреже алды?!
Әкесі "көк қошқардай" мұны сойды,
Құдайға жақындыққа көңіл тойды.
Далада тәңірім бекер қалдырмады,
Күзетші өз үйіне сақшы қойды.
Дүниеде мәшһүр болып қалды аты,
Құдайға күнде жетіп айтқан даты.
Есікші Байтұллаға, күзетші боп,
Атанды "Сақшы Махмұт зиараты".
Есіктің қақ алдында - Бап-Әлсіллам,
Зиарат қылса егер барған адам .
Бұл бастап Байтұллаға кіргізеді,
Болса да қандай соқыр, саңырау адам.
Есіктің қақ аузынан берген орын,
Қылсын деп жұрт зиарат бұдан бұрын.
Бұл бастап Байтұллаға кіргізеді,
Құюмен төбесінен құдай нұрын.
Тазалап ішек-қарынын әбден аршып,
Жуумен бастан-аяқ нұрға малшып.
Онан соң ол адамда болмас ашу,
Езсең де табаныңмен жерге шаншып.
Құдайдың құдіретінен оза алмассың,
Қолыңды жетпес жерге соза алмассың.
Сақшы Махмұт тазалап, жуған жанды,
Өзгертіп балталасаң, бұза алмассың.
Наданға мұндайлықты білу-арам,
Бар ма, айтшы, көп қажыда білген адам?
Сұлтан мен сақшы Махмұт жұмысы жоқ, -
"Қағбаны кердік!" - дейді, болды тамам.
Барғанмен, қажы болмайды ісі бітпей,
Зиарат қылар жерді тауап етпей.
Далақтап жансыз тасты жеті айналып,
Мұнда кеп бұзылады үш күн өтпей.
Қажы - ораза, намаздан қиын жұмыс,
Онда көп шарт етілген әр түрлі іс.
Оқымай Мұқтасарды, қажы кітабын,
Надан ит, қажы барудан к...інді қыс.
Не нәрсе парыз болса, ғылым-парыз,
Ғылым білсең, өтелер қанша қарыз.
Әуелі қылар істің ғылымын біл,
Қанша айт, онша айт онан соң Құдайға арыз.
Қажы барып кеп, көргем жоқ оңған кісі.
Қажы барды —ақ бұзылады өңі-түсі.
Ғылымсыз қылған ғамал-құр қиналу,
Наданның бір жындылық қылған ісі.
Барып өлген құдайға қиды жанын,
Жан қиюмен адамдық тапты санын.
Қайтып келген қақақтап дүние жинап,
Жеп қояды бауыздап малдың қанын.
Наданды әлдеқашан Құдай атқан,
Сол үшін белшесінен күнде батқан.
Тірідей, өлгенім деп, кебін киіп,
Кәне: "Өлдім!" - деп, үйінен шықпай жатқан?!
Дін үйрен, ғылым ізден, болмасаң көр,
Қанша айтқанмен, ғылымсыз жоқ саған төр!
Құдай үйін іздеген— қалайша іздер
Рабиға мен Ибраһим, Әдһамды көр.
Далақтап екі-үш айда барып келіп,
Әкелгенің бар ма, айтшы, бойыңа іліп?
Бәрекелді, Құдайды шын тауыпсың,
Мал десе, діңкең құрып, осынша өліп!
Саған менің бүл сөзім жақпасын да,
Қалмаған соң Байтұлла қақпасында,
Даушы да өзі, топ болса, жаушы да өзі,
Дау болса, қажы жүрер қақ басында.
Оңай болды бұл күнде қажы бару,
Көбіне арам - жан қиып онда қалу.
Саған қайда, қазағым, қанша айтқанмен,
Қаңтарсыз - қар, қажысыз - дауға жару.
Қалам, тұрмай, жаза бер, арылмайсың,
Құр жаттым деп, қағаз, сен, налымайсың.
Бұрынғылар мақал ғып айтып кеткен:
"Қажы келмей-деп, - дауға жарымайсың!"
"Арафатка шықтым, "-деп, ол бір тауға,
Жайнамаз, тәспі ап келіп жұртты алдауға.
Қажының жұртқа тиген шарапаты:
Ширатты партия мен жұртты дауға.
Қажы барсаң, Ибраһимдей мал-жаннан кеш.
Бір құдайдан басқаны ойға алма еш!
Болмаса, малың шашып әуре болма,
Үйде жат, мезгіліңмен тамағыңды іш!
Әуре боп, надан болсаң, аяқ баспа,
"Бардым, - деп, - мен сүйттім", - деп, аузыңды
Көпке ортақ, дүние деген, жұртқа нәсіп,
Апарып көп нәсібін түзге шашпа.
Бай болғаның - бір шыбын жанның қасы,
Жұмсайсың Хақ жолына, атаң басы!
Байлардың қолындағы жиған мүлкі:
Кем-кетік, жоқ-жітіктің сыбағасы.
Бақташы қылып сені қойған Құдай,
Құдайсыз бұл мал саған болмас оңай!
Бір кедей ас таба алмай аштан өлсе,
Төлемек соның құнын қайырсыз бай.
Ac ішпей үздіккен соң, жүрек талар,
Күш кетіп қалғаннан соң, өліп қалар.
Құдайым оның құнын жібермей бос,
Жазасын сараң болған байға салар.
Жігіттер, бұл айтқаным - Құдай сөзі,
Құдайдың - ғалым өзі, кітап сөзі.
"Аннфуқу иммат разақанакум," - деп Құранда,
Айтып тұр әмір етіп тәңірім өзі.
Көңілді шын ниетпен қойсаң аққа,
Тура жол, түзу бастар оңған жаққа:
Біреуді-бай, біреуді жарлы қылған,
Пендесін әр күйменен сынамаққа.
Бізге қоныс болмайды осы мекен,
Түнеп көшкен керуеннің қосы-мекен.
Ойласайшы: болмаса, не үшін берді?
Бай құдайдың есі мен досы ма екен?!
Мал табу өзінің күші ме екен?
"Құлмын" - деуі құр тілдің ұшы ма екен?
Неге мұны миға сап ойламайды?
Кедей - қастас құдайдың өші ме екен?!
Бай, кедей, - бәрі бірдей құдайға құл.
Біреуді кем қып қойған, біреуді-мол.
"Бай кедейге ауыссын, қарассын" - деп,
Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол!
Қор болдың, есіл қазақ, надан қалып,
Білгеннің, іс қылмайсың, тілін алып.
Көп несібесі болмаса жиылған мал,
Қай бай кетті бар малын жинап алып?!
Бай өлді, бір өлімтік болып қалды,
Тірі қалған апарып көрге салды.
"Жанға берме, татырма!" - дегендері
Ит пен құсқа жем болып мұнда қалды.
Құлақта тесік болса, мінеки, сөз,
Құлақтан, тесігі жоқ, күдеріңді үз.
Толтырсаң дүние жүзін, түк жоқ саған,
Несібең бұл жалғаннан-үш қабат бөз!
Мен құраннан аятты көрдім көзден,
Жаның жанға ашыса, иман ізден.
О дағы бұйырғанға бұйырады,
Бұйырмаған ізденер, өлсе, түзден.
Өлімді ұмытпаған ойға алады,
Өзінікі бұйырса, қуанады.
Біреуден алып келіп қойған кебін
Мақшарда тырдай тонап өзі алады.
Шіркін-ай, құтыласың мұнан қашып,
Өлген күні қаласың боқтай сасып.
Өзінікін таныған өзі ап кетіп,
Жұрт алдында келесің бұтыңды ашып.
Қолым [тұрма], айтпа тілім, жазба қалам.
Сен айтқанмен болмайды тегіс тамам.
Білмегенге өкпем жоқ мұнда-онда,
Рақмет айтар сүйсініп білген адам..
Бұл сөзім түссін көптің ортасына,
Сатпаймын қолдан өзім дүр тасына.
Үмітпен құдай үшін жазылған сөз
Жүректің махаббатлу қолқасына.
Жасымнан мен ғылымды қылдым талап,
Жұрт алған бір басымды көпке балап.
"Тұрмайды!" - деген жанға бұлдамаймын,
Қолқаға, тұрад деген алсын қалап.
Кісіге анау-мынау бұрмаймын бас.
Дүние - дос, махаббатсыз, құр қара тас.
Шын жүрек махаббатлығы жан табылса,
Жолына жаным құрбан, құдайға-бас.
Махаббатпен жаратқан адамды әзі,
Махаббатсыз боп кетті дүние жүзі.
"Махаббатсыз жан да жоқ, тіпті, иман," - деп,
Анық бар пайғамбардың хадис сөзі.
Иа, Алла, мені айырма махаббаттан,
Танырсың, көрмегенің, жазған хаттан.
Ақыреттің Мәшһүрі қылғай Алла,
Жалғанда түк таппадым "Мәшһүр" - аттан.
Жан тапсам махаббатлы, көңілім жай.
Табылмас онан да аулайын... ай.
Жалғанда һәр не қылсаң, разымын.
Қыла көр ақыретте иманға бай!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі