Туысқан ел
Қақты қанат жаңадан,
Кең даламда домбырам.
Қайта естілді аулымда,
Жырлап Жамбыл салған ән.
Домбыра күйін келтіріп,
Ойға шомып толғанам.
Ойға шомып толғансам,
Көз алдымнан өтеді
Кешегі бір сұр заман.
Сұр заманда түн еді,
Аулымның үсті торлаған.
Даласы қайғы аңыраған,
Жайлауы жайсыз қаңыраған,
Соққан жынды құйындай,
Күншығыстан батысқа
Елімді басып зорлаған,
Өтіп еді Шыңғыс хан!
Қанға бөлеп халқымды
Малым кетті айдалған,
Әскері салып ылаңды,
Ерлердің қолы байланған,
Қарындас кетіп күңдікте,
Құл боп бауыр айдалған.
Шыңғысқа барып қол болған
Қорлық көрдік байлардан!
Қыстаудан көшіп шұбырып,
Айрылдық тағы жайлаудан.
Қырғыз, қазақ, өзбектер
Жерсіз, сусыз, қоныссыз
Құтылмадық зарлаудан.
Құтылғанда Шыңғыстан
Николай келді есіріп.
Халқымды қанға бояды,
Туған жерден кешіріп.
Отырғызып есікке,
Төрімде жатты көсіліп
Төсенгенім мұз болды,
Шұрқ-шұрқ жамбас тесіліп;
Желім қалды көсіліп,
Көгенім қалды шешіліп.
Ұмытармын мен қалай,
Октябрьдің келгенін.
Нардай шөгіп жатқанда,
Жетелей мені желгенін.
Ленин менен Сталин
Қатар келіп аулыма,
Жай-күйімді көргенін.
Қосарына алғанын,
Қолыма қару бергенін,
Қасарған қасқыр дұшпанды,
Қайтып жерді баспастай,
Қайтып есік ашпастай,
Қирата бәрін жеңгенін.
Енді бүгін қарасам,
Айналам бахыт кең жатыр.
Бірімен бірі туысқан
Қол ұстасқан ел жатыр.
Қырғыз, қазақ, өзбектер,
Маңғол, ұйғыр, дүнгендер,
Армян, қалмақ, грузин,
Орыс пенен украин,
Терезесі тең жатыр.
Алатау, Кавказ ұласып,
Баурайы бұйрат кең жатыр.
Бахыттың әні асқақтап,
Құлаққа даусы кеп жатыр
Отанымда естимін,
Алыстан жаудың дабырын.
Жауға қарсы аттанған,
Қаһарлы халық дабылын,
Күншығыста ер қытай,
Еліне тиген қасқырдың
Қақпаққа жатыр азуын.
Адуын жауға оқ жұмсап,
Көрдің бе елдің қағуын,
Осынау соңғы майданда
Туысқан көрші елдердің, —
Мен де күтем өлеңмен,
Жеке теңдік алуын.
Арылма, өлең, арылма!
Домбырам күйден жаңылма!
Арнал, жырым, көсемге,
Сталиндей бағыма!
Ұлы Сталин, Жамбылың —
Сайрап жүр гүлді бағыңда;
Он бір орда тіккіздің
Күндей күшті заңыңда.
Сол ордалар ішінде
Еркін жүріп жырлаймын
Туысқан елдер шаттығын,
Жасарған қайта шағымда.
Марьям
Өте керемет
Танымайсың
Күшті екен!
Дәурен
Жамбыл Жабаевтың «Туысқан ел» өлеңі — қазақ поэзиясының тереңдік пен кеңдікке толы, рухани бауырластық пен тарихи санаға құрметті арттыратын ұлы жыр.
Бұл шығарма — тек өлең ғана емес, елдік пен туысқандықтың мәңгілік маңызы туралы ой салатын үлкен толғаныс.
Өлеңнің әрбір тармағында ақын кең даланың кеңдігі мен жүректің кеңдігін теңестіре суреттейді. Ол өткеннің ауыр кезеңінен бүгінге жеткен халықтың тағдырын, батырлық пен ерліктің, достық пен бауырластықтың ерекшелігін өз жыры арқылы жеткізеді.
Жамбылдың жатық тілі мен терең ойы оқырманды бірден баурап алады — өлеңде елдер арасындағы шынайы туысқандықты, бір‑біріне деген құрмет пен татулықты мадақтайды. Бұл — келешек ұрпаққа ұлттық рух пен достықты дәріптейтін шабытты да тәрбиелік туынды.
Шығарманы оқыған адам жақын елдермен, көрші халықтармен татулық пен түсіністік, бірлік пен бауырластық орнатудың маңызы туралы қайта ойлануға мүмкіндік алады. Бұл өлең — жай ғана сөздің жібі емес, ол жүрек пен санаға әсер ететін тарихи үндеу.
Мұндай поэзиялық туындылар қазақ әдебиетінің байлығын көрсетіп қана қоймай, халықаралық сыйластық пен бейбітшілік идеяларын да дөп ашып көрсетеді. Ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың бұл туындысы — қазақ руханиятының асыл мұрасының жарқын көрінісі.