Медеу еттім – Мылтықбай Ерімбетов

Бұл бетте «Медеу еттім» атты Мылтықбай Ерімбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.04.2020
  • 0
  • 0
  • 1266
Өзімді-өзім табам деп жол іздедім,
Айқұш-ұйқыш қалды артта мол іздерім.
Қанша адаммен сапарлас, жолдас болдым,
Бір кемеге мінгескен тәрізді едім.

Ащы, тұщы дәм таттым, тұшынғандай,
Оңғаршы деп қашанда ісімді Алла-ай.
Ұлы Жібек жолымен керуен тартып,
Меккеге бағыт алған мұсылмандай.

Кешегі Арыстанбаб жолы қандай,
Яссауи ілімімен толығардай.
Қыдыр Ата жол нұсқап, не түндерде,
Жорттым мен, жарық шырақ қолыма алмай.

Жолаушы болдым сондай көнтерілі,
Ақ арман іздегем жоқ ертегіні.
Қанша жерде қарайтып ақ жолымды,
Қанша қарау пенделер жол торыды.

Жараланды жүрегім, қаным ақты,
Медеу еттім, бір Құдай, аруақты.
Өз жүрегім - өзіме мешіт болды,
Ар-ұяттан тұрғыздым шаңырақты.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері