Сарыағаш саздары – Күләш Ахметова

Бұл бетте «Сарыағаш саздары» атты Күләш Ахметова жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 27.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6388
I
Құшағыңды, туған ел, маған аштың,
Самалыңа сағынып араластым.
Сандуғашы тұс-тұстан сайрағанда
Тоғайында толқыдым Сарыағаштың.
Қарағаш пен қайыңы тұнып тұрған,
Сыңғырлаған сырғасын іліп тұрған...
Кеуде керіп сімірдім ауасынан —
Менің қайғы-мұңымды ұмыттырған.
Құшағында қиялдың тербелемін,
Құп алатын жоқ бірақ жеңгелерім.
Айтқанымды істейтін ағам болса,
Осы жерге үй салып бер дер едім.
Бұл назымды түсінер жүрек бар ма?
Өлеңге тар пәтер бар тұрақтарға.
Ясная поляна, Шахматово...
Қызығамын Толстой, Блоктарға...
Кешір мені, сөйлесем бекер, далам,
Байтақ төсің менікі — жетер маған.
Асанқайғы атамды түсіндім тек
Келес бойын бөктеріп кете алмаған.
Қасиетті-ау туған жер деген қазық,
Еркелесем, қыз қайсы менен нәзік?
Гүл теретін жер екен қырқасынан,
Отыратын жер екен өлең жазып!
II
Дарқан далам!
Тіл берген асыл анам!
Мәңгі іңкәрмін, не болған осы маған
Өзен көрсем, қуанып қосыла ағам,
Жаңбыр жауса, қолыма тосып алам.
Бесік көрсем, еске алам ертеңімді,
Кір жуғанда, бұлтыңды есіме алам.
Дарқан далам!
Жанымның аңсары ма ең?
Көз алдымда тербелдің, ән салып ем.
Төселгендей төсіңе барша кілем,
Талдарың да бұлғақтап бар сәнімен,
Таңсәріден тыңдаймын бұлбұлыңды,
Тауларыңа қараймын таңсәріден.
Дарқан далам!
Келбетің неткен ерек!
Кеудеңде өскен гүл бөлек, шөп те бөлек:
(Көктем сайын оралар көп дегелек,
Құстың өзі бір-бірін тастамаса,
Адамға адам айып қой өкпелемек).
Іңкәрлікпен қараймын ең ар жағы
Тұсымда ұшса — түймедей көк көбелек.
III
Салқындаған бұлақтар бүлкіл қағып,
Ауасы да ауырлап дымқылданып,
Арасында ізім мен күлкім қалып,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Сарғыш дала қағаздай қалам сызған,
Табиғаттан әр кезде табарсыз мән.
Амалсыздан, қайтсін-ай, амалсыздан,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Жаралғаным рас па қабырғаңнан,
Неге үнсізсің, кеудеңде жаның бар ма?
Жаның болса, қайдасың сағынғанда,
Сарыағаштың сарғайды теректері.
Ардақтасаң, кешігу керек пе еді?!
Әр нәрсенің бар шығар себептері...
Бірте-бірте азайып желектері
Сарыағаштың сарғайды теректері.
IV
"Сыбағаңды ал, тағдырмен жағалас та, —
Дейтін ең сен, — өмір — той, тарамас па?"
Сенсіз маған сыбаға керек пе еді,
Жалықтым мен жарты айда-ақ Сарыағашта.
Қандай жақсы басқаны сүймегенің,
Тыным таппай мұнда да күйгелегің.
Құрметпеннен жүрсем де, дүрмекпенен,
Бұра берді бүйрегім үйге менің.
Гүл екенмін тербелген саяңда мен,
Гүл ішінде серуендеп аяңдап ем...
Сендер не боп қалды деп, қайтқым келді,
Осы ғой әйел деген!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Сарыағаш саздары өлеңінің авторы кім?

Күләш Ахметова — осы өлеңнің авторы.

Сарыағаш саздары өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Сарыағаш саздары өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Күләш Ахметова өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Сарыағаш саздары өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері