Өлең, жыр, ақындар

Өң мен түс

  • 28.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2437
Қызыл бидай, ақкүріш,
Қырман боп үйдің ішінде,
Төгіліп тастап жатты ырыс
Түнімен менің түсімде.
Патшаның өзі кенеттен
Алғандай бізді еске елеп,
Май артылып шелектен,
Бал құйылып бөшкелеп.
Нан жауады ауадан,
Сүт айналып бұлаққа,
Алтындатқан науадан
Ағылады шұбат та.
Таратамын шөміштеп,
Таратамын кеселеп,
Қолдаған соң періште,
Тола береді еселеп.
Берекелі күйімде
Жатыр екем шалқиып.
Ояна кетсем,
үйімде
Бір бейне жүр қалқиып.
Жас ақын екен. Ертелеп
Келмеген болар, шырақ құр.
"Ұлды болдым!" деп еркелеп,
Сүйіншісін сұрап тұр.
Ұяттан бордай үгілдім,
Басып асүй жаққа адым...
Олай да былай жүгірдім,
Орайлы нәрсе таппадым.
Ақындар жүдеу екен-ау,
Жүр ғой демесе елде есен,
Не берсем екен, көкем-ау,
Көрген түсімді бермесем?..
* * *
Аспанда тұрмас мәңгі Ай да,
Күн шықса, кетер шалғайға.
Шамыңды өзің жақпасаң,
Жағатын басқа жан қайда?
Дүние мынау тұрса аман,
Туылар әлі мың-сан ән.
Өзіңді сыйлай білмесең,
Құрметпен қарар кім саған?
Жол шығар кейде оңыңнан,
Жол шығар кейде солыңнан.
Бір туған бауыр болса да,
Жетелеп жүрмес қолыңнан.
Аруана жылар ботасыз,
Болашақ болмас батасыз.
Жыраулар айтқан қалпында
Дүние деген опасыз.
Ауысар жолда түс талай,
Жаз болса, ертең қыс та оңай.
Қолбасшылар да кеткен ғой
Қолына түк те ұстамай.
Көңіліңе алмай жамандық,
Жас інім, мынау заманды ұқ.
Адамның досы, тіреуі —
Әділетті іс пен адалдық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сарыөзек сағыныш

  • 0
  • 0

Сары өзен. Сары тоғай. Сары қайың.
Сары өзек. Сары дала. Сары уайым.
Сартап сезімдерге сабау болып,
Сары ішік шабытымды жамылайын.

Толық

Қара теңізде

  • 0
  • 0

Мына әлемде мазасыздық ұлғайған
Сен де тулап жатырсың ба түрлі ойдан?
Қаратауды түсірдің ғой есіме,
Қара теңіз, есіміңді кім қойған?

Толық

Суреткер

  • 0
  • 0

...Есімде, той болды бір ауылда ірі,
Жігіттің таң қалдырып қалыңдығы,
Беташар айтылғанда
жалт қаратқан

Толық

Қарап көріңіз