Өлең, жыр, ақындар

Толғақ

  • 31.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2581
...Дөңбекшиді бір отырып, бір құлап,
Бебеулейді беймаза бір күй құрап.
Қары талып қалғанына қарамай,
Жатыр біреу сегізкөзін бұрғылап.
Шайқағандай мұзды мұхит сеңі ұрып,
Қаратпайды қара құйын еліріп.
Өз қолымен түйгіштейді өз белін,
Бір аш қасқыр жеп жатқан соң кеміріп.
Санасында бір-ақ үміт, бір-ақ ой...
Сұмдық азап берер емес, сірә, бой.
Сүйектері сынып түсіп қалғандай,
Шыдатпайды сыздағанда тұла бой.
Сола жаздап дірілдейді сонда ақ гүл,
Жібергенше шын құдірет қолдап бір,
Шыбын жаның қыл үстіне ілініп,
Шыңғырғанға тоқтамайтын толғақ бұл!
Жіптің ұшы жеткізбейді тағы ұзай...
Зар илеген Қорқыт ата қобызы-ай!
Тоғыз айда қорқа-қорқа жүргенмен,
Үміт оты сөнбейді екен тоғыз ай.
Лүп-лүп етіп лүпілдейді жанған шам,
Жаны барда қалды дейсің хал қанша?!
Ешкім ара түсе алмайды,
толғақтың
Ең бір соңғы минуттары қалғанша.
Мұндай кезде өз еркіне кім ие?
Жазған басын бір көтеріп, бір ие?
Жалынады Жаратқанға
алдында
Құстай қалқып қызыл-жасыл дүние...
Табиғатта бейнет бар ма тұрақты?..
Шар еткен үн жақындатты мұратты!
Тына қалды дүлей күші азаптың,
Сап басылған қатты дауыл сияқты.
...Жағалауда желкілдеді бал құрақ,
Жапырақтар би биледі жалбырап.
Жер — дүние мейірімге бөленіп,
Жатыр әйел бойы босап, балбырап.
Жел басылды, шапақ тарап шалғайға,
Тынышталды шырылдаған торғай да.
Күн де шықты таң пердесі жарылып...
Тән азабы ұмыт болды сол бойда.
Әлем ең бір әсем нұрға боялды,
Ащы тірлік. Арты бірақ — баянды.
Жауды жеңіп қайтқан батыр сияқты,
Сәл көз іліп, жас келіншек оянды.
Иығынан түскен екен жүк батпан,
Әйнектерден амандасты құтты ақ таң.
Әйел шөлдеп жатыр екен, құнығып
Ішті сонда бір кесе шай сүт қатқан.
Қайран сол бір қатты шөлі қанған шақ!
Қайрат келді қайта кесе алғанша-ақ.
Алпыс екі тамыры иіп, басынан
Бақайына төгілді-ау бір тер — моншақ!
Қорғасындай балқығаны не мынау?!
Бөбек келу — керемет бір өмір-ау!
Өңі ашылып, оттай көзі жалтырап,
Ақ уызға толып кетті омырау!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өткен ғасырда өмір сүрген ақын әйелдің айтқаны

  • 0
  • 0

Тірлік, тірлік, тіріде қол босар ма?
Жағдайыңа қарайлау болмас онда.
Қөңілі түссе біздерді ақын ғой деп,
Ерлер сапқа қосады анда-санда.

Толық

Шілтер

  • 0
  • 0

Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шаңға шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.

Толық

Алтын жаңбыр

  • 0
  • 0

Дайындаған жырға тілін —
Дарияның жағасында.
Ақмешіт пен Алматының
Ізі жатыр арасында.

Толық

Қарап көріңіз