Ап қалыңдар, адамдар, ап қалыңдар!
Өлеңменен қалдырам дерегімді,
Ал ішінен, таңдап ал, керегіңді.
Мен өзіме көп алып қойдым ба екен,
Тауыса алмай жатырмын берерімді.
Ақыл да бар, ішінде сабыр да бар,
Білім де бар, сарқылмас лағыл да бар.
Шын ниетпен жас ұрпақ ұсынамын,
Барлығында көзімдей қабылдап ал.
Бар ішінде жылы сөз, мейірім де,
Арман-қиял тартатын иірімге.
Қанша алсаңда қазынам түгесілмей,
Сол баяғы қалады биігінде.
Кірлемеген жылдармен мақта арым бар,
Уайымсыз, бақытты шақтарым бар.
Осылардың барлығын тегін берем,
Ап қалыңдар, адамдар, ап қалыңдар!
Көреген жан көздерін алыс тігер,
Бар ішінде талап, ой, намыс,жігер.
Осыларды саламын талапайға,
Ал адамдар, алыңдар, тауыс түгел!
Ақиқаттан айнымас ұстамдық бар,
Махаббат бар, өмірге құштарлық бар.
Бәрі сиған ішіме, сыймай қапты-ау,
Көрсеқызар, күншілдік, іштарлықтар.
Үміті өшкен жандарға от беремін,
Пейілім кең, күнді де ап беремін.
Қараңғыдан жарыққа ұмтылмайтын,
Қуыс кеуде наданды жек көремін.
Береке бар жақсы ойлар түйіскенде,
Адамзатты бастайды ұлы істерге.
Бәрін де ал, тек қана иманым мен,
Асқар таудай сенімге тиіспеңдер!
Қара жерді нық басқан тағдырымды ал,
Салт-дәстүрмен жуынып, жаңғырыңдар.
Бәрін ал да, тек қана – бейнеті көп,
Ақындықты өзімде қалдырыңдар!
Aibekkk
Ақиқаттан айнымас ұстамдық бар,
Махаббат бар, өмірге құштарлық бар.
Бәрі сиған ішіме, сыймай қапты-ау,
Көрсеқызар, күншілдік, іштарлықтар.