Махаббат мақамдары
О, махаббат!
Кім жазбайды сен жайлы,
Сен жайлы сыр әрбір жүрек толғайды.
Біреуінде — бақыт балы — тәттілік,
Біреуінде — зар қайғы.
Бұл махаббат түпсіз терең мол арна,
Терең тамыр ойлаңызшы солар ма?
Махаббаттың туындысы, жемісі.
Семирамида бағы мен,
Пирамидалар да.
Негіз осы байырқаса, барласа,
Сақ болған жөн дақ түсірмей арға аса.
Не болар ек, не болар ек адамзат,
Ең асыл зат — бұл махаббат болмаса...
1. ТАБЫТТАН ТАБЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Адам дос боп, адам және жауықты,
Дәуір еткен талай-талай қауіпті...
Археологтар Египеттен ежелгі,
Нефертити табытын да тауыпты.
Көрді ме әлде, көрмеді ме жан азап,
Білмейміз біз (дәстүрі де және жат).
Сұлу әйел мүрдесінің үстінде,
Өлең жатты тасқа жазған,
О, ғажап: - I
«Тыныс алам сеңің тәтті деміңнен,
Қуанамын күн шыққандай сен көрінсең көгімнен.
Тілегім сол есту сенің үніңді,
Солтүстіктен ескен жібек желіндей.
Сенсіз маған тамақ батпас, қарным аш,
Рухыңмен тыныстармын кең құлаш.
Талай заман өтсе-дағы;бәрібір,
Саған деген махаббатым мәңгі жас
Асыл жырды зердесізге сөккізбей,
Асыл тасты күл-қоқысқа төккізбей.
Нефертити атты арудың есімін,
Махаббат қой бізге осылай жеткізген.
Бір сауалды алдарыңа тоса алам: —
Нефертити атты аруды жасаған.
Фараон ба аты әйгілі Эхна-тон,
Мүсінші ме әлде тасқа қашаған? –
Жауап іздеп соған өзге күйге енем
Нар ат жеккен жүрген сәнді күймемен.
Сол мүсінші сол сұлуды меніңше,
Фараоннан кем сүймеген.
Дәл шертпесең қыл пернені, басты сын,
Таба білсең бұл қазына айқышын,
Кім екенін ғашық жырдың авторы —
Айтар еді-ау,
Нефертити тас мүсін...
2. СӘУЛЕТ СЫРЫ
Баспағым жер болмасын, — деп табаным,
Қай жерде өлді қаһарлы күш —
Қағаның. Белгісіз о л,
Ал Сұлулық тур асқақ
Мовзалейі Яссауи Бабаның.
Бір сөз айтам сол Мавзолей хақында,
(Түркістанда болғаным бар жақында).
Ғасырлардан озу сыры ғасырға.
Орнатылған ескерткіш бұл —
Ақынға.
Боз жусайды далам менің кәделі,
Жатты бәрін қасіреттің көтеріп.
Бұл даланы ұстау үшін кісендеп,
Керек болған
Ақындардың беделі.
Қойша иіріп бейбіт жұртты сан қырған,
Ету үшін өзіне бас, мал құрбан.
Атышулы Ақсақ Темір қатыгез,
Шебер жиып, Даңқ үшін салдырған.
Бip арнадан бастау алар мың арна,
(Даңқ құмар Әмір оны ұғар ма?)
Ал сәулетші бір сұлуға ғашық боп,
Соған арнап соқты сәулет — шығарма.
Әсемсің ғой, құпияңмен өмір сен,
Төгілесің құмарлық боп төгілсең,
Жауыздықтан туған нәрсе — тым келте,
Махаббаттан туған нәрсе — өміршең.
Қайғы дайын бергендерге қастаса,
Бақыт дайын білгендерге достаса.
Талай хандар жерленсе де осында,
Түсінеді ел сәулет сырын басқаша. ...
Солай досым Сұлулықты Зұлымдық,
Жеңбек емес ешқашан,
Ешқашан!
3. КӨКЕТАЙ МЕН АСАЛЫ
Күлкісі әсем сазы дерсің сырнайдың,
Ару жүзі сәулесіндей нұрлы Айдың.
Сүмбіл шашы толарсағын қағатын,
Бұл өлкеде қызы бопты бір Байдың.
— Көкетайым, Еркем, Арым, Көкешім!
Жұрт алдында мерейлі еткен әкесін, —
Дейтін Әке, — салтанатын асырып,
Ұзатамыз сұлтанға қидырып ақ некесін
— Жарқыраған күндізім,
Маңдайдағы жұлдызым, Барым,
Гүлім,
Құндызым!
Теңгермеймін ізіне өзгелердің мың қызын,
Дейтін шеше өзге теңеу таба алмай,
Сүйіп, құшып Көкетайдың нұр жүзіп.
Көкөтай қыз сәні екен сол елдің,
Көкетай қыз әні екен сол елдің.
Бәріне де салмапты қыз кез қырып,
«Жар етемін», — дегеннің,
Сол кезде айтса нанбас еді бір кісі,
(Солай болса қайтпек жүрек бұлқысы).
Жорға мінген жас сұлтанға емес ол,
Ғашық болды Асалыға жылқышы. ...
Шақ жетіпті түнеретін басқа бұлт,
Жүрген жігіт ер тұрманын жастанып.
Көкетайын қос атпенен бір түні,
Елсіз шыңға қашты алып.
Екі ғашық түнді өтті баспана...
Бай келіні түндік ашты жасқана.
Сосын ауыл дүр сілкінді кенеттен,
Жалшыға жар бай қызы,
Болу неткен масқара?
Желбіреткен жақсы жырдың желегін,
Ғашықтың қосылу ғой тек емі.
Дала төсін дүбірлетіп тұяқтар...
Өмір қашып, өлім қуып келеді.
Екі ғашық махаббатын желкен ғып,
Зымырайды бақытына ертеңдік.
Шырқырайды
Жауыздықтан қорғалат,
Сұлулық пен Көркемдік.
Екі ғашық құтылам деп қашады,
Жақын қалды жауыздықтың жасағы.
“Көкетайым, сен құтылшы”, – дедi де,
Аттың басы кейiн бұрды Асалы.
– Бiздер үшiн бiткен бе өмiр көктемi,
Қылышкер ең...
Бiрақ олар көп тегi.
Осы айқаста, Арысым-ау, мерт болсаң,
Маған да өмiр жоқ тегi, –
Дедi сұлу жанарынан жас тамып,
Ал жылқышы жалтармады жасқанып.
Қарсы шапты қуғыншылар тобына,
Көру үшiн өмiр алдан тосқанын.
Күй тартқанда тұлпар тұяқ дүсiрлi,
Ат бауырына үш жiгiттi түсiрдi...
Топ басшысы сұлтан қанға қарайып,
Терiсiне сыймай қатты iсiндi.
Бiреуге ерлiк,
Бiреуге ұрлық жасатар,
Бұл өмiрдiң асатар,
Сыбағасы таусылғаны сол болды,
Асалы үшiн от шашты да бесатар.
Қызыл көрген құзғындардай үймелеп,
Ат-матымен кеттi қызды сүйрелеп.
Көкетайдың жүрегiнен бiр шыққан,
Асалының жүрегiнен тиген оқ.
Жанар ма ендi қайта мынау өшкен от,
Тiккен талай шәйi орамал кестелеп.
Асалысы қалды артында,
Ал бұған,
Қайда апарып, не iстемек.
Бақытсыз ба шын ғашықтар ежелден,
Қосыла алмай Баянына Қозы өлген.
Не iстеп едi сол сәтiнде қыз Баян?
Ал Көкетай шырқау керек қандай ән?
“Қаптаған жау шат-шадыман жан-жағым,
Мен де жетем саған қазiр, жан-жарым”, –
Деп Көкетай камзолының астынан,
Суырып ап,
Салды өзiне қанжарын...
Сүйгенi үшiн бiрiн-бiрi үздiгiп,
Заңның қатал от алауы шыжғырып.
Қала бердi қос төмпек боп далада,
Он сегiзге жетер-жетпес қыз-жiгiт.
...Бұл өмiрдiң көп қой тартыс, шатағы,
Бiреу өлсе, бiреу туып жатады.
Көкетайдың сiңлiсiне үйленiп,
Жас сұлтанның шықты абырой-атағы.
Зорлықшыға жақпайды екен қаралық,
Зауал болып төнедi екен қара бұлт.
Қайтып келе жатқанда бiр жорықтан,
Сол сұлтанды шағып апты қарақұрт.
Сыйпай алмай Көкетайдың бұрымын,
Ызасына салған елге бүлiгiн.
Қарақұрт боп келiптi де бармақтай,
Оған да ажал салған солай құрығын.
Бұл өмiрдiң көп тағы да мазағы,
Асқандарға тарттыратын жазаны.
Қос ғашықтың қабiрiнiң тұсы екен,
Сұлтанның да өлген жерi –
Ғажабы.
Мықтылық-ай,
Ал iнiсi сұлтанның,
Атышулы қас шебердi алдырды.
Тас қашатып талай белдi талдырды.
Сөйтiп оған бұл өмiрде теңдессiз,
Бiр мавзолей салдырды.
Жүргенменен қожайыны кiсiмсiп,
Деген оймен: “зерделiлер түсiнсiн”.
Қос ғашықтың махаббатын ал оған,
Өрнектедi, барын салып мүсiншi.
Қос ғашықтың махаббатын қашады,
Атып кеткен жауыздықтың жасағы...
Халық естен сұлтан атын шығарып,
Атап кеттi мазарды –
Көкетай мен Асалы.
Жыр ғып өткен жоқпын тегiн оны мен,
(Ай далада асқақ күмбез көрiп ем).
Соғып бердi махаббатқа ескерткiш,
Уақыт өзi Жауыздықтың қолымен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі