Беріш Махамбет батырдың сұлтанға айтқаны
Мұрат ақыннан жазылды
(Қазіргі қазақ әліпбиіне түсірілген көшірмесі)
Борай да борай қар жауса.
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай боран соққанда,
Қаптама киген тоңар ма?
Туырлығы жоқ тұл үйге,
Ту байласаң тозар ма?
Ту түбінен тұлпар жығылса,
Шаппаған қар тұсар ма?
Ағайынның ары үшін,
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайырылмай кеткен жігіттің,
Өзін - кәпір, алғанын,
Табам деп айтсаң болар ма?
* * *
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқар таудың су бүркіт,
Ылдидың аңын шалар ма?
Асқар таудың басына
Лашын сұңқар жүн төксе,
Далада қалған сүйек деп,
Шынына қарға жолар ма?
* * *
Арғымақ атқа алтыннан таға қақтырса,
Кілегей қатқан көкше мұз.
Ол көкше мұздан таяр ма!?
Атаның ұлы асылға,
Малыңды бер де басың қос.
Басыңа тарлық іс түссе,
Ол ардақтаған әділ жанын аяр ма?!
* * *
Бірсіндап садақ асынған
Біріндеп жауды қашырған.
Филентіне топ салған,
Қорамсаққа қол салған,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай.
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей.
Балдағы алтын құрыш болат,
Балдағынан қанға боялмай.
Асыл туған ер жігіт,
Төсектен шошып оянбай,
Тебінгіні теріс салмай,
Темірқазық жастанбай,
Ат үстінде күн көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Алты малта ас болмай,
Өзінен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Қарындасқа қанды көбік жұтқызып,
Халыққа тентек атанбай,
Үйде отырған жігітке,
Теп-тегін атақ болар ма!?
* * *
Айдан ару нәрсе жоқ,
Ол түнде бар да күнде жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Ол күндіз бар да түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет көп бейнет,
Біреуде бар да, біреуде жоқ.
Ерінбей жүріп ұрысар,
Шекісіп тұрысар.
Қаумалаған қайран қарындас,
Қазақта бар да, менде жоқ.
* * *
Балуан жолбарыс секілді,
Алысқанды алып ұрған білегім.
Қамалаған жаудан қайтпаған,
Қайнаған қара болаттай,
Қарсы біткен жүрегім.
Ертеден кешке шейін зарласа,
Бермей ме екен құдай-ай!
Біздей тарыққан ердің тілегін.
* * *
Бұрынғыдай қарыштап
Қона алмадық қонысқа.
Келе алмадық келіскен.
Ата енені сөктіріп,
Атты басқа соқтырып,
... болсын жігітке,
Бүйтіп жүрген жүріске.
Тағыдай тандап су ішкен,
Тарпаңдай қаз басып от жеген,
Тағы сынды мырза едің.
Тағы келдің тар жерге.
Тәк етсеңіз болмас па!?
Тағаланың салған бұ іске.
* * *
Біз кеткен ер,
Жағалай жатқан Жайықтан,
Еркек қойдай бөлініп,
Қарқарланып өткен ер.
Күн шығыстың астында,
Күн батыстың тұсында,
Қарындасымның баруы деп,
Қабырғасын сөксе де,
Қанын судай төксе де,
Қайыспас қара нарды деп,
Маңдайымнан күн өтіп,
Жауырынымнан жел өтіп,
Күн астымен желген ер!
Айтып айтпай немене,
Исатай зая болғалы,
Серкесіз қойдай шулаған,
Сергелдең болды біздің ел!
* * *
Мен ақсұңқар құстың сойымын,
Шамдансам, тақсыр, кетермін.
Кетпей те нешік етермін.
Бұ барғаннан барармын,
Қиядан орын алармын.
Өтініп алып от жақпа,
Дұшпанға қылыш шабармын,
Тілекті тәңір оңғарса,
Бөліне көшкен еліңді,
Үріккен қойдай қылармын.
Жарыла көшкен еліңді,
Жаралы қудай қылармын.
Қаны кейде көріктенді,
Тәні кейде тектіңді,
Ат сауырына міндір,
Тілегім қабыл болған жоқ,
Деп едім олжа қылармын!
* * *
Мен мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреп жүрген ер едім,
Ерегескен дұшпанға,
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
Ежелден табан аңдысқан,
Еріксізден еріксіз өңгердік,
Хан баласы ақсүйек,
Ата дұшпан сен едің.
Аңдыған жауың мен едім.
Қайсы бір жерде жолықсаң,
Қайрандағы шабақтай,
Қаныңды ішіп ұрттасам,
Жүрегім айныр деп пе едің!
* * *
Мен мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде,
Еңіреген ер едім,
Исатайдың барында,
Екі Тарлан бөрі едім.
Қай қазақтан кем едім,
Бір қазақпен тең едім!
Өзіңізде хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай дауысын ақыртып,
Луазын көкке шақыртып,
Олжа қылсам деп едім!
Еділдің бойы ен тоғай,
Еп құла сам деп едім,
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім,
Еділде жатқан көп елде,
Мал толтырсам деп едім.
Хан сарқыты - сары мал,
Ханның киген кіреуке,
Қараңғыда шештіріп,
Үстіме кисем деп едім.
Қаны кей көріктіңді,
Қараңғыда қармалап,
Қалыңсыз құшсам деп едім!
* * *
Мен бір енеден бір едім,
Күндердің күні болғанда,
Бір енеден екі едім,
Екеуіміз бірге жүргенде,
Уәдеге берік едім!
Күн астымен желген ер!
Айтып айтпай немене,
Исатай зая болғалы,
Серкесіз қойдай шулаған,
Сергелдең болды біздің ел!
* * *
Ақсүйектің баласы,
Байеке сұлтан сен болсаң,
Аулақта қалмаққа жолықсаң,
Айайын деген жоқ едің.
Еділ үшін егестік,
Ежелден бері теңестік,
Ханның кірген ақ орда,
Бұзуын ойлап кеңестік.
Дәптер үшін тебісіп,
Терезе сайлап оқ аттық.
Күндердің күні болғанда,
Сол секілді қайраттан
Қаныкей, сұлтан, не таптық.
Қара қазақ баласын,
Хан ұлына теңгердік.
Аса жұртты меңгердік,
Өзіңізде хандарды,
Қабырғасын сөгілді,
Қабырғадан аққан қара қан,
Ат бауырынан төгілтіп,
Қаныкейдей алғанын,
Артымыздан түңілтіп,
Біз ол секілді
Көп қайраттан не көрдік!?
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі