Көзілдірік туралы

Бұл бетте «Көзілдірік туралы» атты Әбділдә Тәжібаев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 23.03.2019
  • 0
  • 0
  • 2650
Өміріме қырық деген кезең кіріп,
Өтіп еді шашыма ақ тез ендіріп.
Кеткен соның артынша ажуалап
Бетімді де әжіммен безендіріп.
Мазағы ма, шіркіннің азабы ма,
Мұрныма әкеп тағы ілді көзілдірік.
Ойны ма, шыны ма бұл шіркіннің
Беретұғын түрі жоқ маған тыным.
Көзілдірік:- көреген етемін деп
Сыбырлайды, секілді ең жақыным, -
Қырыққа дейін қылжақтың біреуі едің,
Кірмес екен қалайша енді ақылың?
Шар айнаға үңілсем шал болдым деп,
Суретіме сүйкімсіз шал болғым кеп.
Қысық көзім дөңгелеп шоқ шашып тұр,
Қырықтан аса көреген жан болдың деп.
Жылы жүзім тартыпты аздап сұрғылт,
Ажарымнан сеземін бір салқын леп,
О, ғажайып, ашылды көз жанарым,
Анық көрем бояуын айналаның.
Көз көргенді көңіл де тез түйеді,
Аңғарғышпын адамның ойлағанын.
Жалған жанын жайдары көрсеткіштер
Қояр енді менімен ойнағанын.
Ойнамаңдар, ағайын, ойнамаңдар,
Ойнасаңдар айтылар ойда барлар.
Кешірімсіз кегімнен тартар жаза
Мені ойыншық көруін қоймағандар.
Албырттығым алаңсыз артта қалды,
Әлі де аңғал екен деп ойламаңдар.
Қош, аңғалдық, қош сен де, албырттығым,
Қанын бұзған албырттық сан мықтылық,
Отты сезім, ойға бай көз тапқанда,
Қайта бастап жырыңды жаңғырт бүгін
Серіліктен ауыстым кәрілікке,
Жас жырымның ширатар салғырттығын.

1955


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Көзілдірік туралы өлеңінің авторы кім?

Әбділдә Тәжібаев — осы өлеңнің авторы.

Көзілдірік туралы өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Көзілдірік туралы өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Әбділдә Тәжібаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Көзілдірік туралы өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері