Өлең, жыр, ақындар

Орақ күйі

  • 04.04.2019
  • 0
  • 0
  • 4217
Япырмай, белгі бар ма өткен күнде,
Көктемдер де бөленді бөктер гүлге,
Енді міне ырғалып алтын бидай,
Келіпті көңілді күй шерткен күз де.
Жатқандай алтын күзде өмір күліп,
Әкелді диқаншыға көңілділік.
Оған қоса әкелді мол береке,
Желкелеп жүдеулікті шегіндіріп.
Үлестіріп жүр әркімге бір сыбаға,
Балаға да, ақсақал жыршыға да.
Көтермесең бір ауық жаның жасып,
Өмірге құштар жүрек құлшына ма?
Жер-ана, еңбекпенен көктеп еді,
Кім оған маңдай терін төкпеп еді.
Міне енді көзді тарта құлпырады,
Нағылған сұлу сылқым бөктер еді.
Көз нұрыңды армансыз бір қандырып,
Сұлуға сұқтанасың тұрған күліп.
Табиғаттың осынау ғажап шағы,
Даланы жібергендей нұрландырып.
Шыңылдап орақ күйі басталады,
Беріліп күй ырқына жас та көрі.
Төгіліп, алтын шуақ арайланса,
Жұрттың да көтеріңкі қас-қабағы.
Күн сайын дала сырын жүз ұғына,
Туған жердей нұрланып жүзі мына.
Ажыхан да бұл тұста құлшына кеп,
Берілген қызу жұмыс қызығына.
Ұмытқан ол біржола аштығын да,
Ұмытқан ол тым балаң, жастығын да.
Кең аспанды шарлауды армандайтын,
Балаң бүркіт секілді тас тұғырда.
Қиялы жүрер еді биіктерде,
Ұқсап бір жар тастағы киіктерге,
Кейде бір аққу құсап баурын төсеп,
Сайрандасам дей тұғын тұнық көлде.
Көздеген құралайды тана көзден,
Кейде бір болсам деген бала мерген.
Кейде бір батырлықты көксейтұғын,
Аңыз боп аты ауызда қала берген.
Құйылып жатқандай-ақ күй арнаға,
Жиылып жанарына қиян дала.
Бала көңіл әр нені көксейтұғын,
Бұның өзі қазірге қиял ғана.
Сөйтіп ол атқа мініп, мала басып,
Келеді өмірменен жағаласып.
Келеді уақыттың зор көшіменен
Қайнаған тірлікпенен араласып.
Жосалап тіліп жүріп тас табанын,
Ұмытатын жұмыстан басқа барын.
Үрейі ұшатұғын әлде неге,
Көрер болса кірпіктен жас тамарын.
Кейде бір көңілі оның арып-талса,
Асығатын үйінен жай ұққанша.
Үйдегі анаға да көмек керек,
Науқасынан біржола айыққанша.
Шықпаса да әйтеуір елге атағы,
Әке барда жүрді олар ел қатары,
Кейбіреулер шешесін жұбатқанда,
"Артында бар оңалар" деп жатады.
Несі екен дейтін осы "оңалғаны"
Қолғабыс етпей ме жұрт одан дағы,
Өзінше ойлайтұғын осы ауылда,
Бір-ақ жан бар әйтеуір жоқ арманы.
Ол анау көрші ауылдың Гүлданайы,
Күндіз күні, туатын түндегі айы.
Сол қызбенен ойнауға әттең дүние-ай,
Қолы тимей, келмей жүр бір орайы.
Бара алмай жүр үйіне неше күнде,
Хабарын біле алмай жүр шешенің де.
Қуыршағын құшақтап әлде сол қыз,
Жатыр ма екен ұйықтап төсегінде.
Бұл болса төсін таптап жүр даланың,
Тыңдап оның қасіретін, жырлағанын.
Толтырып жүр орынын майдандағы
Оқ тескен кеудедегі бір жараның...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бір шыбық

  • 0
  • 0

Еске еріксіз түсіретін түз гүлін,
Албырт едік елеңдеген біз бұрын.
Зымыраған уақыт па әлде белгісіз,
Сол күндердің тыныштығын бұзды кім.

Толық

Досқа тілек

  • 0
  • 1

Досым бар,
Жоқ ешкімнің таласы да,
Көңілінің жоқ бүкпесі,
Аласы да.

Толық

Мәрмәр шың

  • 0
  • 0

Көз тұндырып тұр алдымда мәрмәр шың,
Көрген адам дегені ме таңдансын.
Сиқырлайды, сезіміңді, сырлы тау,
Көрмегенге айта жүрер армансың.

Толық

Қарап көріңіз