Өлең, жыр, ақындар

Жем бойында Ақмешіт...

  • 07.04.2019
  • 0
  • 0
  • 2602
Ару Жем-ау,
Ару Жем –
Жан дертіме дәру Жем!
Менің Мысыр Шәрімсің.
Намысымсың,
Арымсың.
Дәмі аузымнан кетпеген,
Менің, менің алғашқы гүл махаббат – балымсың.
Жүректегі жалынсың,
Ұмытылмас әнімсің.
Қажеттерім өзіңнен табылмасын, табылсын.
Жарылайын ағымнан,
Менде, менде жүрек бар,
Өзіңді аңсап сағынған.
Менде, менде тілек бар,
Нұр арманға бағынған.
Сүңгігенмін, жүзгенмін қасиетті суыңа,
Бекет-Атам шомылған.
Шынымды айтсам егерде мінім де бар аздаған,
Тереңіңе тұңғиық кетіп қала жаздағам.
Осы тұстан о, ғажап,
(Етем оған мінәжат),
Тұратұғын тек қана жаһұт пенен лағылдан,
«Алтын Адам» табылған.
(Қасиетіңді туған жер жөндеп жырлай алмасам,
Шапалақпен аяусыз тартып жібер жағымнан).
Ару Жем-ау,
Ару Жем –
Жан дертіме дәру Жем!
Тудың небір алыпты,
Соның бірі – Пір Бекет оқытсам деп халықты.
Сенің, сенің ең әсем ақ қайраңды жағаңнан,
Ақмешітін салыпты...
О, Ақмешіт,
Ақмешіт!
Сен айшықта тегімді,
Сенде жатыр бақ-несіп.
Сен тербеткен елімді,
Аялаған ақ бесік...
...91-дің күзінде етуге бір мінәжат, келіп едім басыңа,
Балдызымды,
Бажамды
Және асыл жарымды ертіп алып қасыма.
Қасиетті мешітің төмпек болып құлаған,
Мұны көріп талайлар көз жастарын бұлаған.
Қасиетсіз заманда қасірет шегер бұл адам.
Құлап жатқан сайғақты тіктеп қайта шаншыдым,
Айтсам егер бүкпесіз осы менің бар шыным:
Желмен сыбдыр сыңсыды тоғайлықта құба тал:
«Ұмытылу шағында қасиеті мол бұл атаң».
Қаптап өрді үстіңнен судан қайтқан бір отар.
Ұшты бір топ пыр етіп қарабауыр-бұлдырық.
«Қуырдақтар кетті-ау» – деп қойды бажам күлдіріп.
Кәрі болар шамасы қара жылан қып-қысқа,
Сумаң қағып асықты көп қауымнан бір тұсқа.
«Аруақтар көрінер жылан болып» – деуші еді,
Әлі ұмытар емеспін, әлі ұмытар мен соны.
Қуанғанда ұмытып, қайғырғанда еске алар,
Бұл адамдар беу, сені.
Күн көзіне мүжіліп сайғақ ағаш қуарған,
Баяғыда айырылған топырағың құнардан.
Атыздардың бойдағы бар ылғалы суалған.
Жібек жолы ең бір кезгі жұрнақта жоқ ізіңнен,
Мұңаяды үн-түнсіз күмбез тамдар мүжілген.
Осы кезде о,ғажап, ұшып өтті төбемнен,
Бір топ аққу тізілген.
(Жалғанар деп түйдім мен жібек жібім үзілген)
Құлап жатқан сайғақты қара жерге шаншып ем,
Бойлап жүре берген-ді,
Жанарымда қуаныш ойнап жүре берген-ді.
Тік шаншылған сайғаққа ақ орамал байладық,
Ақ тудай ол желбіреп, көңілімізді жайладық...
...Тағы келдім.
Ақмешіт келтірілген қалпына,
Күмбездері күн сүйген салтыма сай салтыма.
Пірдің ата-анасын қос күмбез ғып шалқытқан,
Кең Жылойдың әкімі Төкен неткен алтын, ә?!
Төкен аға басынан көп оқиға, көп қызық,
Мұқалмастан өткізіп.
Ата үшін нұр істі тастаған ғой орындап,
Бұрқ-сарқ еткізіп.
«Иман жүзді жігіттер тосты қайыр-қолдарын,
Мен тек қана оларға нұсқап бергем жолдарын» –
Дейді ағам күлімдеп нұр жүзімен жайдары.
Шынында да ағаның тым бөлек-ау тойнағы.
Жасағанды астамдық алғызбайтын жағадан,
Оның кесек мінезін түсінбейді көп адам.
Ей, ағайын айтарым ісіңе адал, мият бол,
Тұңғыш меценаты қазақтың –
Жомарт5 бабам сияқты ол.
Пірім Бекет мешіті – берер бәрін тілесең,
Өсіріңдер бұл жерге хош иісті гүл әсем.
Аттарыңды бәріңнің атай алмай барамын,
Жылойлық жомарт жігіттер,
Ата қолдап әрдайым, ақ жүрекпен жүр есен !!!
04. 08.2010 жыл.
***
Аманбай тоғай,
Жыңғыл тоғай,
Ақкиіз тоғай,
Шоқпар тоғай...
Тоғай,тоғай көп тоғай.
Тартам алға біріне де тоқтамай.
Туған жер бұл – Бекет Пірім және Мен,
Жем бойында мен білмейтін жоқ маңай.
Бекет бала туған күні бұл жерге,
Барлық нұрын төккен – дейді сүт сәулелі аппақ Ай.
Жағасында табыстырып ғашықты,
Ару Жемім қуаныштан тасыпты.
Тасыпты да арнасынан асыпты.
Жан-жағына құлашын кең жайыпты,
Жайыпты да маңын сумен шайыпты.
Жайқалыпты содан кейін көп тоғай,
Тоғайларды аралаймын тоқтамай.
...Өмірге өмір жалғасты,
Көрегендік былай бопты алғашқы.
Көңіл көншіп тоқталар,
Кеткендерден жоқ хабар.
Ақталынбай ел үміт,
Сол жорықта қалыпты ерлер жеңіліп.
Сонда ерлерді сынай кеп,
Бекет бала жұбатыпты былай деп:
«Жортуылшы
Аман да келер жорықтан,
Жаман да келер жорықтан.
Шегірткеден сірә да,
Егін екпес қорыққан.
Үмітсіздік белгісі,
Болашақтан торыққан.
Жоғалмайды жортқан із,
Тағдырыңа өкпелеп бізге кінә артпаңыз.
Жыртығыңды бүтіндер,
Кездің қашан келерін, өзім айтам күтіңдер!» –
Дегенде әлгі Бүлдіршін,
Тоқтаған-ды үлкендер – дейді аңыз кім білсін?!.
Жем бойының жағалауы оба кіл,
Обалардан көп құпия табамын.
Аратөбе – «Алтын Адам» жатқан жер,
Талай судай адам қаны аққан жер.
Бір мысқалы тимесе де қолына,
Қабірдегі сол алтынмен мақтанды ел...
Өлең құрап отырмадым жоқтан мен,
Топырағың тең ғой сенің мақпалмен.
Оған куә баба қорым – Бақашы,
Бақашыда жатыр рас талайлардың бабасы.
Жер дауында депті менің бір әкем:
«Анау тұрған Бақашы,
Арқамды соған тақашы».
...Меңдекешім,
Қабиболлам,
Аманқосым,
Қонашым,
Мұқан және Өтегенім,
Аман менен Бүркіттей,
Шықты сенен талай ақын Ақтангер.
Жүректері тылсым іздеп жалындар,
Ұмытпаңдар, жерлестерім таныңдар,
Шықты сенен
Боқай менен Қуанғали тәрізді
Ғұламалар, ғалымдар.
Отан үшін бұлдамаған терлерін,
Шықты сенен көп-көп Еңбек Ерлері:
Әкелерім Нұрмағамбет, Әбді және Ақашым.
Жеңгелерім Сәли менен Жанбөпе,
Ақылына көркі сай жалын болып жанды өте.
Қалды артында ескерілмей көп іздер,
Міне, қазақ әйелдері дегізген.
Абзал аға Кісенбай, ал құрдасым Аманжол,
Малбегілер қиындықтан табар жол.
Өрнектейтін әрқайсысын әсем-әсем жыр керек, 
Назар, Әбдір, Әбділдамыз бір бөлек.
Тұрдығали, Есенгелді және Келтір тәрізді,
Ағалар мен інілердің тұлғалары тұрды ерек.
Бақашы бар,
Бақа бар.
Қазыбек пен Жанбике,
Жота-жота, жоталар, –
Бәрі біздің аталар.
Алтынтапқан, Қаражар,
Түстігінде Сарқасқаның жалдары ...
Бәрі-бәрі мықты болған талғамы,
Жайлаған жер біздің ауыл шалдары...
Имандылыққа халқы ұйып,
Ұғынған соң хат танып.
Ару Жемін шексіз сүйіп,
Пір Бекетім,
Жыр Бекетім,
Ұлысқа ұран – Әулием,
Маңғыстауға бара жатты аттанып...

Ақмешіт маңында дүниеге келген ақындар:
Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдықов, Аманқос Ершуов, Қонаш Қалдыоразов, Мұқан Мақуов, Өтеген Оралбаев, Аман Жанкеев, Бүркіт Базарбаев, т.б. ғалымдар Қуанғали Қуатбаев, Боқай Қожыров, т.б.

Социалистік Еңбек Ерлері:
Нұрмағамбет Арқабаев, Әбді Дүйсенбеков, Ақаш Мұқамбаев, Сәли Шәкірова, Жанбөпе Мергенбаева, Аманжол Кенжеғарнев, т.б.

Ел басқаруға еңбегі сіңген азаматтардың ауызыма түскендерінің бір тобы:
Әбділда Оразбаев, Назар Ершуов, Әбдір Биманов, Тұрдығали Мәмбетов, Есенгелді Нұршаев, Келтір Шәненов, т.б.
22. 08.2010 жыл.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кеудеде нөпiр толқын тасып iзгi

  • 0
  • 0

Кеудеде нөпiр толқын тасып iзгi,
Тағы бiр жыл есейтiп жасымызды.
Он жетiнiң өрiне шыққан кезде,
Қайырдық шалқасынан шашымызды.

Толық

Өзің едің

  • 0
  • 0

Қызғалдақтар гүл атқанда бақтағы,
Өзің едің өмірімнің ақ таңы.
Өзің едің қуанышым, бақытым,
Өзің едің жас жанымның тапқаны.

Толық

Ей, Шаханов!

  • 0
  • 0

Ей, Шаханов!
Аруақпен алыспа киесі ұрар,
Құмырысқамен белдеспес түйе сірә.
Сенбесеңіз жүгінелік Құранға,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар