Өлең, жыр, ақындар

Үмбеталы дүние салғанда

  • 10.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1747
1969 жылы халық ақыны Үмбеталы Кәрібаев қайтыс болып, бұл хабарды Кененге ақын Әсімхан Қосбасаров келеді

Ә с і м х а н
Мен келдім Қордай аудан Кировіне,
Ақынның ішіндегі жүйрігіне.
Үмбеталы екеуің тең, өсіп ең,
Көп тұрмын Үмбет жайын білдіруге.
Ән қосқан бозторғайға Кенен едің,
Өлең мен домбыраның кемелі едің.
Айтпай-ақ ендігісін түсінерсің,
Қолайсыз бір жұмыспен келген едім.
Кенен мен Үмбеталы қарттарымыз,
Жамбыл мен Сүйімбайға тартқаныңыз.
Кешегі бала күнгің ойыңда ма,
Айқасып бір төсекте жатқаныңыз.
Домбыра сіздер алған мен де ұстадым,
Ақынсыз болмасын деп арт жағыңыз.
Сол Үмбет қайтыс болды өткен кеште,
Түс ауа демі бітіп сағат бесте.
Көзінің тірісінде тапсырып ед
Кенендей сәлем айт деп тетелеске.
Аттанды бұл дүниеден Үмбеталың,
Кеп тұрмын сол хабарды салғалы еске.

С о н д а К е н е н:
«Қайран Үмбеталы-ай!.. Қазақстанда өлеңнің бір бұлағы кеміп қалды-ау!» деп, қамығып қолына домбырасын алады.

Сайраған Алатаудың бұлбұлы едің,
Арыны басылмаған дүлдүл едің.
Сүрінген қапылыста, асыл Үмбет,
Ақынға әрбір сөзі үлгілі едің.
Жасыңнан даңқың шыққан Үмбет едің,
Жеріңе жүрген - тұрған міндет едің.
Түлкі қуған қияда қырандай-ақ
Апарып өз ініне індететін.
Жорғаңды салдырушы ең талай топқа,
Түсуші ең айтыс десе жанған отқа.
Топырақ саған барып сала алмадым,
Кездестің сырқау болып халім жоқта.
Кәрілік біздерге де келіп қалды,
Басылып су сепкендей желік қалды.
Тең өскен Жетісуда Үмбеталы ең,
Өлеңнің бір бастауы кеміп қалды.
Доқтырдан бес күн болды келгеніме,
Қайтарды дәрі беріп емдеді де.
«Қара жорға» деуші еді Жамбыл марқұм
Жорғаны сұм ажалдың жеңгені ме?
Шіркін-ай, қуат барда талай рет
Жарап ек көпшіліктің ермегіне.
Несіне оның бәрін тәптештейін,
Ақыннан саған қайда тең келуге.
Сене алмай дал-дал болып мен отырмын,
Сенді не, амал қанша, сенбеді не...
Шырағым Әсілханжан, ризамын,
Қастектен ат терлетіп келгеніңе.
Мен - дағы ауру шалдың бірі болдым,
Білмеймін кәріліктің жеңгені ме.
Қазіргі Кененіңнің халі осындай,
Сұраған дұғай сәлем елдеріңе.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Еркебайдың аулында

  • 0
  • 0

Терең ойлы Еркебай,
Орта бойлы Еркебай.
Ауылы күнде той-думан,
Еңбекші елге серкем - ай!

Толық

Әли батыр

  • 0
  • 0

Оқушы өрендерім, құлағың сал,
Жырладым сендерге арнап, керегіңді ал.
Уақиға көзбен көрген, қолмен ұстап,
Жыр еттім шын өмірді, алсын деп нәр.

Толық

Соңғы сөз

  • 0
  • 0

Жамбылды өлді деуге ауыз бармас,
Сұм ажал көрнеу келіп, бауыздамас.
Туған соң топыраққа қайтады әркім,
Қара жер қайсымызбен ауызданбас.

Толық

Қарап көріңіз