Көктем келер кешігіп – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Көктем келер кешігіп» атты Әбілда Аймақ жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 13.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1050
Көктем келер кешігіп,
Оның, сәулем, несі мін?
Жел де соғар өшігіп,
Мәңгі сөнбес есімің.
Кеш гүлдейді өріктер,
Өмір де кеш ән салар.
Өзіңе өзің ерік бер,
Аймаласын сал самал.
Бұлақ ағарасығып,
Сай-саланы кезер мұң.
Өлең қалар шашылып,
Бәріне де төзермін.
Сыздап аққан үндемей,
Жұбатпайды тамшылар.
Сенсіз бөлме түрмедей,
Қалай ғана жан шыдар?!
Жылы жаңбыр даладан,
Тереземді шертеді.
Ойың болмас қалаған,
Өмір деген ертегі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері