Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1176
Көрсе де анаң жүзіңнен ой тұнғанын,
Келмеді ме мен жайлы айтуға әлің.
Кібіртіктеп текемет түрін түртіп,
Көңіліңде қалықтап айтулы әнің.
Не болар деп кейінгі болашағым,
Түнердің бе күніндей қарашаның?
Көкейдегі ойыңды айта алмастан
Санадың ба оюын алашаның?
Өткізгенде оңаша түнді үмітпен,
Алыстың-ау, арайлым, сұм күдікпен.
Жарым түнде түрегеп отырдың ба
Сілкіп тастап кірпікке мұңды іліккен?
...Түсінемін, жағдайың сұрақ, күдік,
Ой біткенді сонда да лақтырып,
Айтарсың-ау анаңа мен туралы,
Қып-қызыл боп ұялып, жылап тұрып.
Орындалып өшпейтін айтулы әнің,
Анаңа да көрерсің ой туғанын.
Маңдайыңнан сүйгізіп, ақ тілеумен
Қала жаққа жасарсың қайту қамын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері