Сен қалдың торғын оранып – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Сен қалдың торғын оранып» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 13.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1166
Сен қалдың торғын оранып,
Қап-қалың ойдың ішінде.
Еске алдың мені, ол анық
Жиілеу көрдің түсіңде.
Жетелеп сағым-сағыныш,
Барып та жүрдің бақтарға.
Есіттің сөзді жаңылыс,
Мені ойлап кейде жатқанда.
Кетсең де бір сәт серуендеп,
Қиялдың мініп кемесін,
Алдыңнан талай керуен боп,
Өтіп те жатты елесім.
Қалғандай болдым мен келіп,
Үй арты кетсе дүбірлеп.
Жоғалып, тіпті, сенде ерік
Атымды айттың күбірлеп.
...Өкіндің мұңға батып көп,
Үйленгенімді есіттің.
Өкіндім мен де,
Ғафу ет,
Осының бәрін кеш ұқтым.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері