Түрмеде – Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Бұл бетте «Түрмеде» атты Тұрмағамбет Ізтілеуұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.04.2019
  • 0
  • 0
  • 1440
Құлнияз, Ырыс, Тілеу, Нұралы, Өте,
Бектерсің бір - біріңе туған тете.
"Жасарсын жанымдағы" дегендей-ақ,
Тұрсындар тәрбиелеп құрмет ете.
Қабыл боп қайырларың бізге қылған,
Кешікпей кетерсіңдер жолмен төте.
Асығып, асылында, мұқамаңдар,
Мұратқа қоймадым деп бүгін жете.
Түрі бар тоң еритін, тоқсан шығып,
Тәнәні тондырғанмен тітірете.
Кеңестің кеңшілігі болар сондай,
Ел-жұртты үркіткенмен өте-мөте.
Деп молла Тұрмағамбет қолым қойдым,
Баласы мен де Әлімнің, асылым Кете!

Қазалы, 1930


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері