Ата-тек – Қадыр Мырза Әли

Бұл бетте «Ата-тек» атты Қадыр Мырза Әли жазған ата туралы өлең берілген.

  • 25.04.2019
  • 0
  • 0
  • 8002
— Мына бізге еліміз
Құрметпенен қарайды.
Арғы атамыз, тегіміз,
Ақыл-ойдан тарайды!
Біз өмірдің сәні,— деп,
Кітап сырын бастады.
Оның сөзін:— Пәлі!— деп,
Қылыш кесіп тастады.—
Шайқастарда ғаламат
Шіріткен сан терлікті
Біздер болсақ, жамағат,
Баласымыз Ерліктің!—
Домбыра сәл дың етті:
— Сол да сөз бе!
Тіпті мен
Туысқанмын жүректі
Талант деген мықтымен!
— Еңбек,— деді,— атамыз,
Кетпен белін таянып.—
Елден кейін жатамыз,
Елден бұрын оянып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері