Өлең, жыр, ақындар

Көктем келіп қалыпты-ау

  • 30.04.2019
  • 0
  • 0
  • 3632
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Алыпты жел бұлттарды көктен бөліп.
Шымырлаған шуаққа шыдай алмай,
Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп.
Жатқан жота оранып шекпен-қарға
Ұқсаушы еді бір мезет шеккен нарға.
Назың бар ма айтатын наурызыңа?
Өткен қысқа айтатын өкпең бар ма?!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Қыстың күші шынымен кеткен кеміп.
Сүйікті бір күндерді әкетті ме ол
Сүйегіңді алғандай еттен бөліп.
Құларыңды білмейсің,
Сынарыңды.
Қандырғың да келеді құмарыңды.
Шағаладай шаңқылдап шалқарында,
Шарқ ұрып кеп іздейсің сыңарыңды!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жылы желді жетектеп жеткен бе елік?!
Көрінгенге көз сүзіп қобалжисың,
Көңіліңе бір сайтан кеткен бе еніп?!
Қыс-көңілдің көк мұзын келе бұзып,
Жүрек тулап, бір түрлі дене қызып,
Түні бойы шығасың дөңбекшумен,
Күні бойы жүресің елегізіп.
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жүректердің гүл бағы кеткен бе өніп?!
Белгісіз бір қуаныш құшақ жайып,
Ыстық сезім сүйеді беттен мені!..
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мамыр мен тамыр

  • 0
  • 0

Мамыр жайлы мен білетін көп кітап.
Мықты болсаң,
Айтылмаған жоқты тап.
Өткен күзде кесіп алған еменнің

Толық

Байлаулы лақ, бос ешкі

  • 0
  • 0

Салп-салп етіп құлағы,
Байлаусыз жүр енесі.
Бірақ, бірақ лағы
Арқандаулы,

Толық

Үйлесім һәм ұйқас тауып қиыннан

  • 0
  • 0

Үйлесім һәм ұйқас тауып қиыннан,
Үкілі ой шықпай қойды ойымнан.
Сол ойменен бардым бүгін жұмысқа,
Сол ойменен қайттым жаңа жиыннан.

Толық

Қарап көріңіз