Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп
Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп,
Көкжиекті мүйіздеп тұрды ешкі-бұлт.
Қар мен мұзын қаһар ғып кетті мезгіл
Қиқы-жиқы шыңдарға мінгестіріп.
Күн кешкіріп барады, күн кешкіріп,
Көкжиекті мүйіздеп тұрды ешкі-бұлт.
Қар мен мұзын қаһар ғып кетті мезгіл
Қиқы-жиқы шыңдарға мінгестіріп.
Көк аяз кернейлетті, кернейлетті,
жағаңды қырауымен жөрмей кетті.
Жаңағы ажырамас достар еді —
екі ерін бірін-бірі көрмей кетті.
Бұталардан шөптерге ыршып қонып,
Шықтар тұна қалады бүршіктеніп.
Дір етеді көл беті, дір етеді:
артистка-аққу көтеріп жүр етегін.
Сүйремеші биіңе, жырды ғайып
танымасаң, тақпашы құрбыңа айып.
Қоңыр ағаш түбінде қоңырайып
алайыншы деп едім бір мұңайып.
Бұлақ ағып барады жұмарланып,
сорлы көңіл үмітке жүр алданып:
Не жоғалтып біреуді — аңсай алмай,
не құша алмай біреуді құмарланып.
Өтеді бар жаңалық мен арқылы,
жоқ бірақ шын жаңаның болар түрі;
кей күндер маған сыймай өтіп жатыр,
қаламын кей сағаттан мен артылып.
Сені ұйқас өрмегелі түнделетіп
Кетіпті-ау айлар бітіп, күндер өтіп.
Қызық сөз, қыңыр ойлар, болды кезің
Менің де ыңғайыма бір көнетін.
Кештіғұрым ескенде тау самалы
менің жаным ғажап бір ән салады.
Ән саламын, сүйгелі бір сұлуды,
бір сұлуды сағынып аңсағалы.
Жеңілдеді тіршілік, жеңілдеді
ақтарғалы сырымды көңілдегі.
Күй тартқыш деп достарым мақтағалы,
жақтағалы жігіт деп елім мені.
Салқындық күзден қапты жас қанымда
сыр да жоқ, сиқыр да жоқ басқа мұнда.
Өсіппін бір бұрышта қоңырайып,
қоңыр боп алғаш көрген аспаным да.
Алғаш рет көтерді екен туды кім
тіккен туға табынды екен кім бұрын?
Қарқ етті алғаш қара қарға қай маңнан,
сайрады алғаш қай орманның бұлбұлы?!
...Жаным менің тұрды ауырып, кім емдер,
маған, маған бір жақсылық тілеңдер.
Қасық бал бер — қаңсып тұрды таңдайым,
миым менің кеуіп тұрды — үнем бер!
Көп халықтан дара шыққан қай ұлсың?
Кім болсаң да сенің даңқың жайылсын!
Көп жыңғылдың ортасында қайыңсың,
көп жұлдыздың ортасында айымсың,
Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар.
өмір деген — гүл шоғы емес қызды алдар.
Көктем ғой деп көлкілдеме көйлекшең,
мына күннің артында өлі ызғар бар.
Қайда кеттің бұлтың-бұлтың боп қашып,
ала толқын, тоқтай тұршы, тоқташы:
Сенің ернің керек болып тұр маған
сүю үшін жағалаудың көк тасын.
Күндер өткен сайын ауыл қашықтап,
күндер өткен сайын жүрміз ғашық боп.
Машық болды ауылым деп жыр жазу,
сағыну да айналды оны машыққа.
Өз шаруаңа өзің тұтқын, сан ойлап
туған үйді жүрсің ойша маңайлап.
Балаң өскен сайын ауылды ойлайсың,
суыртпақ боп түскен сайын самайға ақ,
Бір циклды төгіп-шашып бітірдім,
бір кәдеге жарар білем, шүкір, бұл.
Енді нені жазсам екен мен осы,
ал, Уақыт, құлақ сенде, үкім қыл.
Шың-тас, сені жасағам жоқ мен ойдан,
бұлақ, сені жасағам жоқ мен ойдан.
Ойдан өзге түк көрмеймін кейде осы
мұнары бар, тұманы бар маңайдан.
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
- Оразбай Сарыбаев
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі