Қара көл
Қара көл есік алды түбің ылай,
Бітеді емен ағаш жарға құлай.
Елдерден алған таңдап едің, әгу
Қоспады екеумізді дұшпан сөзі-ай.
Қоянды шалмай алар қара қаншық,
Сұңқарға жем тілеген болар талшық.
Жігітке нелер кетіп, нелер кетпес,
Сыртым су болып жүрмін, баурым балшық.
Деген соң қара нарша, қара нарша,
Қоймайды қара нарша, таудан арша.
Аршаны әкелуші ем таудан сүйреп, ей, ахау-ай,
Аршаны үйіп қойып, жұрт тұрғанша-ай.
Ей, қалқа, сендей болсын жанға серік,
Ішің дос, сыртың суық, дәтің берік, ә, сәулем-ай!
Ақ иық көктен төніп түйіліп жүр,
Түсірмей не себептен жүрсің көріп, ә, сәулем-ай!
Айналайын көзіңнің-ау қарасынан,
Нұр көремін жалт еткен шарасынан.
Күндіз-түні қасыңнан кетпес едім,
Мен қорқамын дұшпанның жаласынан.
Қолыма бір қамшым бар алтындаған-ай,
Кей жаман ұстай алмай қалтылдаған-ай.
Өзіңді бір көрмесем тұра алмаймын-ай,
Көзіңнен айналайын жалтылдаған-ау.
Құдай-ау құдыретіңе таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты-ай күйдіреді-ау,
Сыртыма шығаруға арланамын-ай.
Кез болдың тәтті ұйқыда биыл маған,
Жел көңіл жігіттікте тыйылмаған.
Бір дұшпан арадағы қас ойлар деп,
Қалмады елде құрбым сыйынбаған.
Қаракөз қайда сенің ыстық шағың,
Дүниеде ғашықтықтың дерті қиын.
Кешегі жиырма бестің базарында,
Болушы ед қалқам ауылы күнде жиын.
Қаракөз, ауылың алыс, жерің шалғай,
Мен жүрмін дидарыңа бір қана алмай.
Ой толқып, жүрек лебі құйқылжыды-ау,
Қосылар күн болар ма, ақ дариға-ай.
Қаракөз сөз айтады жылап тұрып,
Көл қылып көздің жасын бұлап тұрып.
Қу кәмшат адыра қалған енді аман бол,
Жібердім жырақ жерге ылақтырып.
Арасы екі ауылдың балғын көлді-ау,
Балығын балғын көлдің алғым келді.
Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің,
Жеріңде ат шалдырып қалғым келді.
Су тұнық, аспан жарық, жым-жырт дала, Қаракөз,
Желігіп-ау, бой тербедім әнге сала.
Қаңбақтай жел аударған, Қаракөзім, сүйгенім,
Өзіңмен-ау, келді кезім, Қаракөз-ау.
Су тұнық, аспан жарық, жым-жырт дала, Қаракөз,
Желігіп-ау, бой тербедім әнге сала.
Қаңбақтай жел аударған, Қаракөзім, сүйгенім,
Өзіңмен-ау, келді кезім, Қаракөз-ау.
Су тұнық, аспан жарық, жым-жырт дала, Қаракөз,
Желігіп-ау, бой тербедім әнге сала.
Қаңбақтай жел аударған, Қаракөзім, сүйгенім,
Өзіңмен-ау, келді кезім, Қаракөз-ау.
Қарағым, айналайын, кекілдім-ай,
Аққудың балапаны секілдім-ау, қарақ-ай.
Алтынның қолда барда қадірі жоқ,
Кеткен соң қолдан шығып өкіндім-ау, қарақ-ай.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі