Сыр берме
Көрмегелі көп болып дала — қызды,
Көңіл бірдей желпініп алақызды.
Көздер бар ғой отырар төне түсіп,
Ұмытып ойнап жүрген балаңызды.
Әлдилейді түн даланы тербетіп,
Анау тұрған дала ғажап желдетіп.
Дала жазық далада қыр, жыра бар,
Мінездер бар сол сияқты кем-кетік.
Япыр-ау кеше емес пе,
Егіле сыр ашқаны,
Түсім бе, әлде елес пе,
Мөп-мөлдір дала аспаны.
Қара бұлттан тамған жалғыз тамшымын,
Өлең нем, мен оған бір жалшымын.
Керек жанға самал желдей жұмсақтық,
Керегі жоқ, осып түсер қамшының.
Көлбеген көз ұшында Жоңғарым ба,
Тарих жатыр көсілген жолдарында.
Қанатын ақ арманның талдырып сап,
Шер тұнған тарам-тарам жолдарында.
Туған елім, күн сүйген — Қазақстан,
Түлегіңмін төріңді қалап ұшқан.
Жүрегім — сырлы қобыз күй толғайтын,
Соғыпты саған арнап қазақ ұстаң.
Мынау бұлттар неге ғана төнеді,
О, табиғат, күрсінесің сен неге.
Аспан да әне, жасын іркіп төгеді,
Өксу бар ғой деміккен бұл желде де.
Толғанып күн қабағын түйді қатты,
Зілімен басқандай-ақ гүлді алапты.
Үйіріліп отты жарқыл ойнақ салып,
Қара бұлт ақ жаңбырын құйып жатты.
Көрдім мен, қара көздің от шашқанын,
Құлатқанын кеудеме отты аспанын.
Көрдім міне, жарқылдаған асыл кездік,
Жерде жатып қарайып тот басқанын.
Беткейінен өріліп,
Биікке ағаш бойлаған.
Жатқан құздар керіліп,
Көркіне жанар тоймаған.
Жақпар тас, жасыл орман, қарлы тауым,
Серігі долы дауыл, мәңгі жауын.
Серпілсе көк көбесі жалын атып,
Сүйемін жәйдің шынды аймалауын.
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
- Ханна Арендт
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі