Наза
Қайқы мүйіз тағдырға
Тайқы маңдай соғылды.
Қан аралас жаңбырға
Қарашығым шомылды.
Ойласам оқиғаны өткенкеткен,
Қайнайды көкірегім кек тербеткен.
Мендағы біраз күндік жолаушымын,
Шапқылап олайбұлай ат терлеткен.
Қайғының борандатып қарлы қысы,
Көңілдің шырылдайды зарлы құсы.
Бөрідей бел астында ұлиды ажал,
Әйтеуір, өлім жақын – белгілісі.
Айналып жылда келіп жаз қонағы –
Айдынға аққу ұшып, қаз қонады.
Мекеден қажы атасы оралғандай,
Әйтеуір Кәмей байғұс мәз болады.
Төңкерген әлдеқашан тайқазанды,
Япырай, айтсам екен қай заманды?
Мияулап тарғыл мысық секілденіп,
Алады ұйқы бермей ой мазамды.
Мың жылға нүкте қойып сен де, міне,
Кетесің еріп дәуір керуеніне:
Ғасырым, көз танитын – өз тарихым,
Қош енді, ризамыз бергеніңе!
Күлімдеп тұрып күндерді қарсы аламын,
Сезбеген болам тағдырдың салқын қабағын.
Арнасы терең, ағыны қатты өзендей,
Ағады тулап, барады зулап заманым.
Қайғымды қалыңдаттың неге менің,
Қасымда ұшып-қонған көбелегім?
Жаныңа керегіңді қайдан табам,
Білмеймін өзіме де не керегін.
Ей, бейшара, танымасаң кісіні,
Мен боламын жолбарыстың күшігі.
Сен боласың салпаң құлақ есектің
Арам қанды, адам тектес пішіні.
Суырдай ыңқиттаған ін түбінен
Кісінің сақта, құдай, сімтігінен.
Мен де бір сағыныштың көз жасымын,
Үзілген қара өлеңнің кірпігінен.
Мына тұстан атойлап, ана тұстан,
Бір-бірімен қазақпыз көп атысқан.
Арыстанның ойнайды аруағымен,
Тірлігіне мастанған қара тышқан.
Қараймын да тірліктің сүреңіне,
Ер саламын көңілдің күреңіне.
Жортқан киік секілді пенде, шіркін,
Көреді екен бәрін де жүре-жүре.
Табанымның астында дірілдейді жар басы,
Опырылып түсердей шетін бассаң болмашы.
Тірлік торын тоқыған, қолы шебер Тәңірім,
Жібін созып жылдардың, сәл-пәл ғана жалғашы.
Таң нұрына таласып көз жанарым,
Аман тұрсам төсектен мәз боламын.
Жалап өткен жарқанат қанатындай,
Өмір неге осынша тез, қарағым?
Қызықтап аз ғұмырды көрдік елес,
Тағдыр жоқ ат арымас, ер жүдемес.
Жалғыз-ақ жүрген сайын қылаң ұрған,
Уақыттың сақал-шашы селдіремес.
Қорғаның боп тұрайын қарауылда,
Мен құлайын, құлыным, сен ауырма.
Сен ауырсаң төбемде күн тұтылып,
Қозғалады қара жер табанымда.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі